ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев оқушылардың үй тапсырмаларын қысқартуды жоспарлап отыр. Бұл туралы ол бүгін Үкімет отырысынан кейін мәлімдеді.
«Біз электронды күнделікті, электронды оқулықты құруға, сондай-ақ ең бастысы - мектеп дәліздерінде оқушылар үшін жеке шкафтарды орнатуға ниеттіміз. Сонымен қатар бізде үй тапсырмалары бойынша шектеу болады. Бүгін немесе ертең тиісті хабарлама жарияланады. Осы орайда екі топтан құралған мектеп директорлары, әдіскерлер үй тапсырмасының көлеміне қатысты жұмыстарымен айналысқан еді. Үй тапсырмасын шамамен 40 минут - 1 сағатқа қысқарту туралы ұсыныс бар», - деді министр.
Мұнымен қоса ол кейбір пәндер бойынша үй тапсырмасы берілмеуі мүмкін екенін жеткізді.