Алматыда өтіп жатқан қысқы Универсиада ойындарында хоккейден ерлер арасында Қазақстан құрамасы финалға шықты. Жартылай финалда Чехия ұжымымен кездесіп, 4:1 есебімен басым түсті.
Матчтағы алғашқы шайба 17-минутта соғылды. Ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланған Дэниэл Арност чехиялықтарды алға шығарды. Алайда, арада бірер минут өтер-өтпес жерлестеріміз есе қайтарып үлгерді. Константин Савенконың соққысы көздеген жерінен дәл табылып, таразы басы теңесті.
Ойынның екінші кезеңі жастарымыздың басымдығымен өрбіді. 31-минутта Дмитрий Гренц мергендігімен танылып, Қазақстан құрамасын есепте алға шығарса, 33-минутта Павел Акользин бұл басымдықты арттыра түсті.
Соңғы 20 минутта жанкүйерлер бір ғана голдың куәсі болды. 43-минутта Алексей Анциферов таблодағы көрсеткішті 4:1-ге жеткізді. Кездесудің соңына дейін бірнеше қауіпті сәттер болғанмен, есеп өзгеріссіз қалды.
Жерлестеріміз ертең финалда Ресей құрамасымен сынға түседі.
0:1 – 16:14 Арност (Стестни, Кафка). Тең дәрежеде
1:1 – 17:40 Савенков (Писарев). Тең дәрежеде
2:1 – 30:59 Гренц (Михайлис, Ибрайбеков). Тең дәрежеде
3:1 – 31:43 Акользин (Савенков). Тең дәрежеде
4:1 – 42:40 Анциферов. Тең дәрежеде