• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
08 Ақпан, 2017

Қайраңдағы «Аракс» Каспийге қауіп төндірмей ме?

192 рет
көрсетілді

Былтырғы жылдың соңына қарай Ресейдің «Аракс» кемесі жолшыбай Ақтау портына келіп зәкірі үзіліп, қайраңдап қалған болатын. Жол­шыбай дейтініміз, мұнай өнімі, қалдық май, тақтастас сулары, мазут төгілген топырақ сияқты қоқыс тиелген, сал­мағы 450 тоннаға жуық улы заттар артқан кеме Махачкала портына бет түзеген екен. Жарты жол­да жағдайсыз қалған кеме тиісті орындарға өз ахуалдары туралы хабар бермеген. Қазіргі таңда Қарақия ауданындағы «Песчаный» мүйісінде, жағадан 100 метрдей қашықтықта тұралап тұр. Тұрған орнында қисая бастаған кеме суға құласа немесе су мүжіп тесілсе, одан келетін зиянды мамандар да, тұрғындар да біліп отыр. Сол себепті тепе-теңдікті сақтап тұру үшін кеменің екінші бетіне су толтырылып, зардаптың алдын алу жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда мұнай қалдығы, мазут төгілген топырақ және жүктелген судың салмағын қосып есептегенде 900 тоннаға жуық жүкті арқалаған «Аракс» әлі тұр. Ал кемені басқарған команда мүшелері кетіп қалған. Енді «Бұл кеме кімге тиесілі?» деген сұраққа жауап таба алмай қазақстандық тарап дал болсын... Арада үш ай өткенде Ақтау және Баутино порттарының теңіз әкімшілігі Махачкала және Астрахань теңіз порттарына хат жолдаған соң ғана су көлігінің Ресей Фе­дера­циясының «Транс Каспий» мекемесіне тиесілі екендігі анықталды. Аталмыш мекемеге хат жазылғанмен, жауап болмаған. Қаңтардың алғашқы күндерінде Қазақстан тарабы көрші елдің сыртқы істер министрлігі арқылы «Росморречфлот» мекемесіне қоршаған ортаға зиянды болдырмау жөнінде хат жазып, нәтижесінде «Углич» кемесінің көмекке келгендігінен хабардар болған. Осы аралықта қазақстандық тарап қарап отырмады. Өңірде арнайы жұмыс тобы құры­лып, бірнеше тексеру жұмы­сын жүргізіп, 5 рет су сынамасын алды. Мамандар кеменің жыртық-тесігі жоқ екендігін, сондықтан айналаға, теңіз әле­міне, құрлықтағы жануарларға қауіп төндіріп тұрмағандығын айтады. Маңғыстау облысы экология департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Әмір­беков облыс басшылығына кемені тазарту үшін өтініш жазылғандығын, қазір өтініштің арнайы комиссиясының қа­рауын­да екендігін жеткізді. Егер өтініш қолдау тапқан жағ­дайда кеме тазартылады, кейін кемені алуға келген иесі­нен өтемақы өндіріледі екен. Ал иесі табылмаған, тіп­ті алуға кел­меген жағдайда белгілі бір уақыттан соң кемені меншіктеу жұ­мыстары заңға сай жүзеге асырылады. Ал елге керегі кеме емес, қауіпсіздік, теңіз суы мен қор­шаған ортаның тазалығы, ты­ныш­тығы. Сондықтан, халық «Араксқа» ақ жол тілеп шыға­рып салар сәтті күтуде. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Маңғыстау облысы