• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
08 Ақпан, 2017

Аягөзде бүркітшілер бәсекесінің жеңімпаздары анықталды

199 рет
көрсетілді

Көк тәңірісін қолға үйреткен қазақтың қыран жігіттері екі күн бойы аңыздар мен абыздар елі Аягөзді дүбірге бөледі. Ақтамберді туған топырақта қырандармен бірге ұлттық рухымыз қалықтағандай болды. Екі күнге созылған бүр­кіт­шілердің бәсекесіне елі­міздің Алматы, Ақмола, Аты­рау, Жам­был, Қарағанды, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары мен Астана қаласынан 37 бүркіт пен 6 қаршыға, ұзын саны 43 құс қатысты. Бұған дейін өткен ел біріншіліктерінде мұндай көрсеткіш тіркелмеген екен. Өздері аңшы, өздері бүркіт­ші, өздері ақын, бір сөзбен айтқанда, сегіз қырлы, бір сырлы үржарлық Тәттімбет Кәпұлы мен Ерзат Байқадамов сынды ұлтжанды азаматтардың ұйымдастыруымен, өнер жанашыры, меценат Әнуар­бек Бимурзиннің қаржылай қол­дауымен өткен құсбегілер бәсе­ке­сі­нің алғашқы күнінде қы­ран­­ның ба­бын байқайтын құсты қолға ша­қыру, еркін ұшыру, шырға салу секілді сайыстар өткізілсе, екінші күні іріктеуден іркілмей өткен бүр­кіттер қоян мен түлкіге түсті. Сайысқа қатысушылардың жас жағынан ең үлкені – Алматы об­лысының Сар­қан қа­ла­сынан келген 75 жас­тағы Тәлімбек Айсабекұлы ақсақал. Ең жасы – Жам­был об­лы­сының Меркі ауданының тумасы, 17-дегі Бағдәулет Бабажан. Тәлімбек ақсақалдың бүркіт­шілікпен шұғылдан­ғанына 40 жылдан асыпты. Осы жылдар мұғдарында 4-5 көк тәңірісін қолға үйретіпті. – Бірін 7-8 жыл, екіншісін 10 жыл шамасында аңға салдық. Біздің бабаларымыз 30-33 жыл түлеткен екен. Біз енді ол кісілерге жете алмаспыз. Жете алмасақ та, ізін басып келе жатырмыз. Балаларды тәрбиелеп жүрміз, – дейді бүркітші қария. Екі күнгі сайыста бабы мен бағы қатар келісіп, өнерімен жұрттың айызын қандырған қырандар да болды. Алты күн жол жүріп, Атыраудан келген Арман Қошқаровтың «Нарын», қарағандылық Темірәлі Жапа­ровтың «Мұз­балақ», ақмолалық Қанат Шү­ленбаевтың «Сақ­тан», тараздық Бауыржан Иманқұ­ловтың «Қаражан», астаналық Күнтуған Арманбектің «Ақба­лақ» атты бүркіттерінің бабында екенін көрді көпшілік. Жарыс қорытындысында павлодарлық Бақытжан Мұқа­шевтің «Найзасы» 1-орынды, Алматы облысынан келген Мұрат Көдековтің «Ақжолы» 2-орынды, атыраулық Арман Қошқаровтың «Нарын» ат­ты бүркіті 3-орынды ие­лен­ді. Қар­шығашылар бәсе­кесінде жам­былдық Ба­­бажан Бағдәулет 1-орынға, Алматы об­­лы­­сының тумасы Аян Сейітжан 2-орынға, ақ­мо­­ла­лық Әбсә­лам Қа­зы­­­бай 3-орынға лайық деп та­ныл­­ды. Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы Суретті түсірген автор