Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауы – мемлекеттің шын мәніндегі тағы бір белесін айқындаған оқиға болып отыр. Жолдауды талқылау мақсатында Жамбыл облыстық әкімдігінде актив жиыны өтті. Жиында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев баяндама жасап, Жолдаудағы бірқатар маңызды міндеттерді атап өтті.
– Биылғы Жолдауда да өткен кезеңнің қорытындысы шығарылып, алдағы мақсат-міндеттер айқындалды. Елбасы айтқандай, ел Тәуелсіздігінің 25 жылында екі жаңғыру кезеңінен өттік. Ендігі күн тәртібінде Қазақстанның Үшінші жаңғыруы жөніндегі міндет тұр. Мақсаты – елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету, экономикалық өсімнің жаңа моделін құру. Бұл мақсаттарға жету үшін «Қазақстанның ұлттық технологиялық бастамасы» деп аталатын Дамудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық ауқымды жоспары әзірленетін болады. Халықтың тұрмысына «Цифрлық Қазақстан», IT-стартаптардың халықаралық технопаркі сияқты инновациялар қолданысқа енгізілмек, – деді облыс басшысы.
Сондай-ақ, Кәрім Көкірекбаев Жолдауда ауыл шаруашылығы саласына ерекше мән берілгенін де атап өтті. Бұл ретте, аграрлық экспорттық өнім көлемін, әсіресе, ұлттық бренд болатын экологиялық таза тағамдар өнімін арттыру міндеті жүктеліп отырғанын да айтты.
Жиында Елбасы Жолдауында айтылған маңызды міндеттер мен мақсаттарды, нақты тапсырмаларды бағдарлаған облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудан әкімдеріне, тиісті құзырлы органдарға субсидияларды бөлу қағидаларын қайта қарастыру барысында ұсыныстар беруді және биылғы жылы міндетті сақтандыру көлемін 70-75 пайызға жеткізуді, бұл ретте, экономика және бюджеттік жоспарлау мен ауыл шаруашылығы басқармалары осы жұмыстарды ары қарай жалғастыруға қажетті қаражат көлемдерін нақтылап, ұсыныс беруді, еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінен құрылатын кооператив және оған тартылатын үй шаруашылықтары мен фермерлер жоспарын анықтап, тиісті шараларды қолға алуды және өзге де салалар бойынша жұмыс істеуді тапсырды.
Өз кезегінде облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібайұлы жарыссөзге шығып, Жолдаудың қоғамда жақсы сипат, мәнді мазмұнға ие болып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ, Байзақ ауданындағы «Жадыра и К» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрайымы Гүлнар Дәулетбаева, облыстық мәслихаттың депутаты Гулам Умаров және М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, жас ғалым Айдар Әбілдаев Елбасы Жолдауында айтылған ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру салалары бойынша өз ойларын ортаға салды.
Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы