Елбасы Жолдауын насихаттау және халыққа түсіндіру мақсатында Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов өңірлердегі кездесулері аясында Байзақ ауданында болды.
Депутат аудан орталығы – Сарыкемер ауылындағы «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы орта мектепте өңір тұрғындарымен кездесіп, Елбасы Жолдауы төңірегіндегі ойларымен бөлісті. Ауыл тұрғындарымен кездесу барысында әңгіме негізінен екі арнада өрбіді. Оның біріншісі – билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі Елбасы Үндеуі, екіншісі Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы болды.
Депутат Елбасы шешімімен халық талқылауына салынып отырған өзгерістер туралы толық әңгімелеп, олар еліміздің мемлекеттік билігін демократияландыра түсу ісіндегі аса маңызды қадам болып табылатынын түсінікті тілмен жеткізді. Сондай-ақ, халық қалаулысы Қазақстанның Үшінші жаңғыруын көздейтін Елбасы Жолдауының мәнін баяндау барысында жаһандық бәсекелестік пен әлемдегі тұрақсыздық жағдайында туындайтын сын-қатерлерге қарсы тұруға орай көзделген бағыттар жөнінде де баян етті. Өз сөзінде Сауытбек Абдрахманұлы Қазақстан бүгінгі таңда әлем тағдырына ықпал жасап отырған мемлекет екендігін де баса айтты. Сирия билігі мен қарулы оппозицияны Астанадағы бір үстел басына тоғыстырған Елбасының әлемдік дәрежедегі беделі екенін де атап өтті.
Сондай-ақ, депутат Жолдауда айтылған «Цифрлық Қазақстан», адами капиталды арттыру мәселелері бойынша да әңгіме өрбітті. Ал еліміздегі күн, жел энергияларының аса маңыздылығына да тоқталды. Өз кезегінде аудан тұрғындары да Үндеу мен Жолдау жайында өз ойларын ортаға салып, Елбасы бастамаларына қолдау білдірді. Өздерін толғандыратын жайларға қатысты депутатқа қойған сұрақтарына толымды жауаптар алды.
Мұндай кездесулер ауданның білім беру саласының қызметкерлерімен, Мырзатай ауылының тұрғындарымен, «Жамбылқұс» ЖШС ұжымымен, Қызыл Жұлдыз ауылының тұрғындарымен, «ROLA» ЖШС ұжымымен және аудан кәсіпкерлерімен де болып өтті.
Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы