Мәжіліс депутаттары Роман Ким, Айқын Қоңыров, Берік Оспанов Семей қаласының ірі өндіріс орындарында болып, жұмысшылармен кездесу өткізді. Олар халыққа Елбасының Жолдауының маңызын түсіндірді. Және конституциялық реформаға қажетті сауалдар мен ұсыныстарды жазып алды.
Мәжіліс депутаттары ең алдымен «Семей» цемент зауытында болып, цемент өнімін өндірудегі ең жоғары технологиялармен танысты.
«Елбасының әрбір Жолдауы біздің алдымызға ұзақ жылдарға арналған тапсырмалар жүктейді, – деді Берік Оспанов. – «Жаңа бағдарлама: Жаңғырту 3.0» алдағы жылдардың даму жолын айқындап берді. Сондықтан да цемент зауыты Қазақстанды жаңғыртуға молынан үлес қосады деп ойлаймыз».
Ал енді «СемАЗ» ЖШС-дегі кездесу кезінде халық қалаулылары жұмысшы мамандықтарға тұрғындарды көбірек тарту мәселесіне ерекше назар аударды. Елбасының тапсырмасымен өткен жылдан бастап, «Еңбек» жұмыспен қамту бағдарламасы қолға алынған. Оны толыққанды жүзеге асырған жөн. Депутаттардың айтуынша, бұған «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламалары да қосымша көмек болады.
«Жақында ғана әлемдік қоғамдастық USB 3.0 арнасының тұсауын кесті. Бұл – хат-хабар алмасудағы 10 есе жылдамдық. Біз де «Жаңғырту 3.0» арқылы өндірістің қуатын ұлғайтуға күш салумыз керек, – деді депутат Айқын Қоңыров. – Экономика әлем бойынша өте жылдам дамуда. Біздің де көш соңында қалып қоймауымыз керек».
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА, журналист
СЕМЕЙ