• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
08 Ақпан, 2017

Тәрбие бесігі – балабақша

377 рет
көрсетілді

Елордамыздың қақ ортасында орналасқан балабақша қазіргі таңда, балалардың шат күлкісіне толып, ата-аналардың жүрекжарды лебіздері мен ақ баталарын алып, жемісті жұмыс жасап жатыр. Балабақша 140 бүлдіршінге арналған. Оқу-тәрбие жұмыстары еліміздің мемлекеттік жалпыға бірдей стандарттары негізінде жүргізіледі. Мекемеде негізінен 7 топ жұмыс істейді. Оларды нақтылай айтсам, кішкентай бүлдіршіндер үшін жасақталған «Балапан», одан үлкендерге тәрбие беріп жатқан «Көжек», «Құлпынаймен» қатар, ересек балалардың құт мекені саналатын «Қызғалдақ», «Шағала», сондай-ақ, мектеп­алды даярлық жүргізетін «Ақ көгершін», «Қарлығаш» топтары бар. Әр топқа қажетті құрал-жабдықтар, оқу-әдістемелік кітаптар жеткілікті. Биылғы бір атап өтерлік жетістігіміз, балабақшамызда өткен қараша айының басында мектепке дейінгі шағын орталық жұмыс істей бастады. Қазіргі кезде тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын мектептің 1-сыныбына баратын балаларды бақшада тиянақты әзірлеу басты міндет болып отыр. Біз осыны қазірден бастап қолға алып, бүлдіршіндерді әріп танып, сан санауға үйретудеміз. Бұл игілікті шара, яғни, мектепалды дайындық бірінші ауысымда «Балдәурен» сыныбында жүзеге асса, екінші ауысымдағы ересек балалар «Күншуақ» сыныбында әзірленеді. Тағы бір атап өтерлігі, балабақша жоғары білімді тәрбиешілермен және сапалы жұмыс жасайтын қызметкерлермен толық қамтамасыз етілген. Оған қоса, ұжымда тәжірибелі педагогтар бүлдіршіндердің танымын кеңейтіп, ой-өресін биіктету ісінде жүйелі жұмыс жүргізіп, оларды қазірден бастап бірлікке, ынтымаққа, адалдыққа баулып, әрқайсысының бойындағы қарым-қабілетін ашу жолында жұмыс жүргізіп келеді. Әсіресе, ұлттық руханиятымыз, яғни, ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді, өрелі өнерді, өрісті құндылықтарымызды таныстыруды назардан тыс қалдырып отырғанымыз жоқ. Балабақшамыз тек тәрбие беріп, мектепке дайындық жұмыстарымен ғана шектел­мейді. Бүлдіршіндердің қалалық байқауларға қатысып, жүлдегер атанып жүр. Бойлары кішкентай болғанымен, ойлары биік ұл-қыздарымыздың арасында алғыс хат, мақтау қағаздарын алғандар да баршылық. Қазақ жұрты алдыңғы толқынды ардақтап, олардың өнегелі ісін кейінгі жасқа үлгі етіп отырған. Бұл жақсы дәстүр біздің балабақшада да жалғасын табуда. Осы арада жыр жампозы Мағжан Жұмабаевтың ұлағатты бір сөзі ойға оралады. «Баланы тәрбиешінің өзіндей қылып шығармай, келешек заманына лайықтап дайындау керек», депті тұңғыш ұлттық «Педа­гогика» кітабының авторы, ардақты ақын атамыз. Бұл даналық ой бүгінгі ұрпақты осы қалыпта тәрбиелеу қажеттігін меңзеп отырғаны анық. Иә, елдің ертеңгі тірегі бүгінгі балдырғандарымыз екені сөзсіз. Содан да шығар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап жастарға барлық қамқор­лықты жасап келеді. Соның шарапатын біздің балабақшада тәрбиеленіп келе жатқан бүл­дір­­шіндер көріп жатыр. Бір сөзбен айтқанда, отбасының да, балабақшаның да, мектептің де мақсат-мүддесі біреу, ол – заман талабына сай егемен елдің ұрпағына саналы білім беру. Ажар АХМЕТЖАНОВА, №41 «Балдырған» балабақшасының меңгерушісі