• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
09 Ақпан, 2017

Желден елге пайда көп

538 рет
көрсетілді

Қасиетіңнен айналайын, қазақ жерінің асты да, үсті де тұнып тұрған қазына. «Қазақ мұнайы», «қазақ алтыны», «қазақ астығы» сияқ­ты белгілі брендтер мен қазақ даласының қойнауы тұнған «Мен­делеев кестесінің» қазба бай­лық­тарын былай қойғанда, кең саха­­р­аның тоқтаусыз соғатын желі де несібесі мол қазаққа құт болғалы тұр. Техногендік дәуір перзенттерінің тіршілігі тікелей электр энергиясына тәуелді болса, болашақта жұмыр жерді мекендейтін жеті миллиардтан астам адамзаттың энергетикалық сұранысын жаңғырмалы қуат көздері қанағаттандырады екен. Ал дәстүрлі энергетикалық шикізатқа балама қуат көздерінің ішіндегі ең тиімдісі – жел энергиясы көрінеді. Адамзат жаң­ғырмалы қуат көзі ретінде жел энергиясына ерекше үлкен үміт артып отыр. Бүкіләлемдік жел энергетикасы ассоциациясының (БЖЭА) мәліметі бойынша, 2020 жылы жел электр стансалары өндіретін қуат көлемі жаһандық тұтыну деңгейінің 12 пайызын қамтамасыз етуі мүмкін. Бұл ретте ауаға таралатын көмірқышқыл газының көлемі 1,5 миллиард тоннаға дейін азаяды. Ал 2030 жылға таман жаһандық-энергетикалық өндірісте жел энергиясының үлесі 20 пайызға жетпек. Бүгінде кейбір дамыған елдерде желден алынатын қуат елдегі бүкіл электр энергиясына деген сұраныстың бестен бір бөлігін қамтамасыз етеді. Мәселен, Испания және Дания мемлекеттерінде жел генераторлары барлық тұтынатын электр қуатының 20 пайыздан астамын, ал Германияда 10-15 пайызын қамтамасыз етеді. Қазір жекелеген нысандарды немесе елді мекендерді электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін әлемде миллионға жуық жел энергетикасының қондырғылары орнатылған. Олардың басым көпшілігі ҚХР мен АҚШ-тың үлесіне тиетін көрінеді. Қазақстанның жаңғырмалы энергия көздері бойынша әлеуеті аса зор. Оның ішінде жел энер­гия­сы жөніндегі мүмкіндігі мол. Оған атақты Жоңғар қақпасының толас­сыз соғатын жойқын желін, Ақ­тө­бедегі Ырғыз, Ақмоладағы Ерей­ментау, Сілеті, Алматыдағы Шелек, Нұрлы, Жамбылдағы Қордай, Қарағанды­дағы Ұлытау, Маң­ғыс­таудағы Форт-Шевченко Қызыл­орда­дағы Барсакелмес сияқты желді өңірлерді дәлел етсе болады. Бұл өңір­лердегі жел күшінің орташа жылдық жылдамдығы секундына 5,8-6,5 метрден төмендеп көрген емес. «Болашақтың энергиясы» бағы­тындағы Қазақстанның қадамы нық екендігін айқындау мақсатында өткен жылдың соңында Ерейментауда еліміздегі ең бірінші жел электр стансасы (ЖЭС) іске қосылды. Жалпы аумағы 60 гектар алқапты алып жатқан ЖЭС-те Германияның «Fuhrlander Wind Technology» фирмасы шығарған әрқайсысының қуаты 2,5 МВт болатын 22 трубина орнатылған. Сонымен бірге, қуаты 63000 кВА трансформаторы орнатылды. Осымен бірге бір мезетте құрылыс алаңына Ерейментау қосалқы стансасынан 4 шақырымдық 10 кВт, КЕГОК жүйесінен негізгі стансаға дейін қуаты 220 кВт 8 шақырымдық тарату желісі тартылды. Еліміздегі «Бірінші жел электр стансасы» ЖШС бірінші кезекте 45 МВт электр қуатын беріп тұр. Келешекте оның әлеуеті 300 МВт-ға жеткізіледі. Ең бастысы, үстіміздегі жылы елордада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің барлық нысандары Ерейментау ЖЭС өндіретін электр қуатымен жұмыс істейтін болады. Жел энергетикасына сарапшы­лар «Болашақтың энергиясы» сим­волы ретінде де басымдық береді. Табиғат құді­ретімен қалыптасатын жел энерге­тикасының әлеуеті шындығында да аса зор. Алайда, жердің үстімен соға­тын жел қуатынан жерден 7-14 шақы­рым биіктікте соғатын жел қуаты 10-15 есе күшті. Ал 10 шақы­рым биіктікте соға­тын жел қуа­тын пайдалану үшін қандай қондыр­ғы­лар жасау керек? Соншама биіктік­те соғатын жел әлеуетін адам­зат игілігіне жарататын электр энер­гия­сына айналдыру үшін қандай техно­логия қажет? Міне, мамандар мен сарап­шыларды толғандырған осы бір кешенді сұрақтардың жауабы алдағы уақытта Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі шеңберіндегі технологиялық зерттеулерде шешім табуы әбден мүм­кін. Қазақ даласындағы жел әлеуе­тінің мүмкіндіктерін барынша пай­далана білсек, елімізде өндірілетін жаңғыр­малы электр қуатының еселеп артатындығы сөзсіз.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»