• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
10 Ақпан, 2017

Көпвекторлы саясат – ел жетістігінің негізі

2744 рет
көрсетілді

Тәуелсіздіктің 25 жылында Қазақ­стан халықаралық қоғамдас­тықтың белді мүшесіне айналды. Осы қысқа мерзімде біздің ел өзінің ерекше даму моделін таңдап, әлемдегі бейбітшілік пен бірліктің бірден-бір үлгісі бола білді. Біз оны Қазақстанның халықаралық саясатта бірқатар тың идеяларды ұсынып, әлемнің дамуына зор үлес қосуынан байқай­мыз. Беделді халықаралық ұйым­дар­дағы табысты төрағалығы мен жаһандық және аймақтық мәселе­лерді шешудегі біздің елдің тың бастамалары халықаралық қоғам­дастықтың назарын аударуда. Бұл өз кезегінде жетекші мемлекеттердің Қазақстанмен кеңесіп, санасып отыруына әкелуде. Жас мемлекетіміздің Еуразия кеңістігінің қақ ортасында, әлемдік державалармен көршілес орналасуына, ғасырлар тоғысында Орталық Азия аймағындағы геосаяси жағдайдың күрделене түсуіне, өзінің ішкі саяси-әлеуметтік және экономикалық мәселелерінің сұраныстарына қарай сыртқы саяси байланыстары мен қарым-қатынастарына сергек қарау қажеттігін талап етеді. Осы орайда, еліміз үшін бірін­ші кезекте шетелдерде ұлттық мүдде­лері­мізді қорғау, бітімгерлік бастама­ларды ілгерілету, өңірлік және жаһан­дық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтарымыздың құқықтары мен мүдделерін қорғау, тікелей шетелдік инвестицияларды тарту, халықаралық және екіжақты ынтымақтастықты нығайту, шетелдік әріптестерге Отаны­мыз жөніндегі объективті ақпарат­ты жеткізу басты сыртқы саяси басым­дықтар болады. Еліміз тарихи өлшем бойынша өте қысқа мерзімде халықаралық қатынастардың жауапты субъектісі ретіндегі беделін бекітті. Бүгінде біз өзекті әлемдік мәселелерді шешу және жаңа әлемдік тәртіпті құру ісіне белсенді қатысып қана қоймай, сол бағыттарда бірқатар бастамалар көтеріп, оның оң шешілуі жолында нәтижелі шаруалар атқарудамыз. Осындай белсенділік пен нәтижелі іс-әрекеттің арқасында, Қазақстан халықаралық аренада тұрақтылықтың, мемлекет дамуының қарқынды және өркендеген моделінің бастаушысы ретінде лайықты бағасын алып отыр. Қазақстан іргелес бес елмен 14 мың шақырымнан астам әлемдегі ең ұзақ құрлық шекараларын алғаш рет заманауи тәжірибеге сай халықаралық шарттармен бекітіп, көршілес және әлемнің жетекші елдерімен достық және өзара пайдалы ынтымақтастық қатынастарын құрды. Бүгінде еліміз әлемнің көптеген мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Қазақстанның шетелдерде 70-тен астам дипломатиялық миссия­сы жұмыс істейді. Кәсіби дипло­мат­­тары­мыздың қатары қалың. Шетел­дер­мен белсенді ынтымақ­тас­тық­тың нәтижесінде мемлекетаралық, үкімет­аралық және ведомствоаралық деңгей­де 3 мыңнан астам әртүрлі сала­лар­дағы халықаралық шарттар жасалды. Қазақстанның аймақтағы және әлемдегі саяси, қауіпсіздік, өркениеттік, экономикалық, экологиялық мәселе­лерге қатысты бастама көтеріп, оны шешу жолында жүргізіп келе жатқан табысты саясаты мен бастамалары әлем елдері тарапынан оң қабылданып, жаһанның жетекші елдерімен стратегиялық әріптестігі жарасып, ол өз кезегінде Қазақстанның экономикалық қуатының қарқынды өсіміне, сыртқы әлеммен сауда-экономикалық, сондай-ақ инвестициялық байланыстарының дамуына негіз қалауда. Ерікті түрде ядролық қарудан бас тартып және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы Елбасының халықаралық бастамаларының арқа­сында қарусыздану үдерісінің және жаппай қырып-жою қаруын тарат­паудың белсенді жақтаушысы бола отырып, Қазақстан әлемнің жетекші ядролық державаларынан халықаралық қауіпсіздік кепілдіктерін алды. Қазақстанның әлемдегі қуаты жағынан 4-ші ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартқанына екпін түсіре келіп, өзге елдерді осы үдерістен үлгі-өнеге алуға шақырып келеді. 2010 жылғы сәуірде Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммит барысында АҚШ-тың сол кездегі президенті Б.Обама Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевты «халық­аралық ядролық қаруды таратпау үдерісінің Көшбасшысы» деп атады. Атомды бейбіт мақсатта пайда­лануға қатысты, Қазақстан әлемдік қоғамдас­тық алдында бірқатар маңызды бас­тамалар көтеріп, олардың орындалуы жолын­да нақты іс-әрекеттер жасап жатыр. Ширек ғасырға жуық уақыт ішінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың кемеңгерлігімен, салиқалылығымен табысты жүргізілген көпвекторлы сыртқы саясатымыз бен дипломатиялық қызметіміз өте нәтижелі және сәтті болды деп айтуға толық негіз бар.

Нұрлан СЕЙДІН,

саясаттанушы