Кеше Парламент Мәжілісінде палата Төрағасының орынбасары Владимир Божконың жетекшілік етуімен «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылдың өзекті проблемалары» деген тақырыпта Үкімет сағаты болды. Онда Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың баяндамасы тыңдалып, талқыға салынды.
Отырысты ашқан вице-спикер еліміздің мемлекеттік отбасылық саясаты тұрмыстық сипаттағы зорлық-зомбылықты тоқтату және оның алдын алу тетіктерін жетілдіруге бағытталғанын, Президент Н.Назарбаевтың Жолдауларында осы мәселенің атап айтылғанын, бұл тарапта 2009 жылдың желтоқсан айында «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» Заң қабылданғанын жеткізді. Ал 2016 жылдың 6 желтоқсанында Президенттің Жарлығымен «Қазақстан Республикасындағы отбасылық және гендерлік саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» да бекітілгені аталды.
«Бүгінгі таңда осы заңды жетілдіру мақсатында 7 рет түзету енгізілді. Атап айтқанда, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы мәселелер бойынша Мәжіліс депутаттары екі рет бастамашылық жасаған заң жобалары қаралды», – деді В.Божко. Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандарға арналған арнаулы әлеуметтік жәрдемдердің стандарты әзірленгені, оны төлеу үшін облыстық бюджеттерге 3 жылға 500 млн теңге, сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдарға да осынша қаражат бөлінгені айтылды.
Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың баяндамасында «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы», «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» атты арнайы заңдар қабылданғаннан кейін зорлық-зомбылықты құрықтау ісі бойынша жағдай біршама түзеліп, оң сипат алғандығы көлденең тартылды. Соның ішінде отбасының шырқын бұзушыларды уақытша көшіру (оның басқа тұрғын-жайы болған жағдайда), 1 жылға дейін үйде алкоголь мен есірткі заттарын тұтынуға және тағы басқа жағдайларға тыйым салу мүмкіндіктері енгізілгені сөз болды.
«Қабылданған заңды шаралар еліміздегі тұрмыстық қылмыс деңгейін жыл сайын орташа есеппен 10 пайызға төмендетуге септігін тигізді. Отбасылық, тұрмыстық деңгейдегі қылмысқа қарсы күрес мәселесі балаларды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау, қылмыстан сақтандыру мәселелерімен тығыз байланысты», дей келіп, министр бүгінгі таңда полицияның профилактикалық есебіне 16 мыңнан астам баласы бар 12 мың қолайсыз отбасы тіркелгенін, ал өткен жылы бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін орындамағаны үшін шамамен 5,5 мың ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын жеткізді. Сөзінің қорытындысында Қ.Қасымов мұндай қылмыстардың алдын алу көп жағдайда жергілікті маңызы бар әлеуметтік мәселелердің шешілуіне байланысты екенін, сондықтан ІІМ болашақта бұл мәселелерді шешуге аймақтағы әкімдер басшылық жасайтын, сондай-ақ, қоғамдық құрылымдар, үкіметтік ұйымдар және тұрғындардың өзі басқаратын құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша өңірлік комиссияның мүмкіндіктерін белсендірек пайдалануға ниетті екенін айтты.
Үкімет сағатында қаралған мәселе бойынша қосымша баяндаманы Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров жасады. Ол комитеттің профилактикалық субъектілердің құқық қолдану тәжірибесіне талдау жүргізіп, дағдарыс орталықтарының, қорлардың алаңдарында, құқық қорғау органдары мен қоғамдық ұйымдарда сараптамалық кездесулер ұйымдастырып, оның қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнаманы одан әрі жетілдіру талап етілетініне көз жеткізгенін мәлімдеді.
«Профилактика субъектілерінің тәжірибесі де түбегейлі жақсартуды талап етеді. Бас прокуратура бірнеше ай бойы «Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» атты ауқымды жобаны жүргізіп отырғанын атап өту керек. Отбасы институты мемлекет пен қоғамның іргесін қалайтын негіздердің бірі деген ұғымға сүйенсек, бұл ұлттық қауіпсіздіктің де негізі болып табылады. Сондықтан отбасы институтының жай-күйі стратегиялық перспективада мемлекет тарапынан да, бүкіл азаматтық қоғам тарапынан да үнемі назарда болуға тиіс», деді депутат.
Одан әрі шешен Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің деректері бойынша 2015 жылы елімізде некесіз туған 72 мың бала, 400 мыңнан астам жалғызілікті ана, 60 мыңнан астам жалғызілікті әке бар екенін жеткізді.
«Жетім балалар санатында 31мың бала бар. 2016 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша балалар үйлерінде 6 436 бала тәрбиеленеді. Осы саладағы үдерістердің қалыптасу шарттарын, себептерін, өзара байланысын егжей-тегжейлі зерделеу қажет. Бір сөзбен айтқанда, кешенді талдау және жүйелі түрде жұмыс жүргізбесе болмайды. Алайда, бүгінде, бұл міндетті Парламент те, сонымен қатар, мемлекеттік органдар да бірқатар себептер бойынша тиісінше атқармай отыр», – дей келіп, ол осы себептерді де санамалап берді.
Баяндаманы талқылауға қатысқан депутаттар арасында Зағипа Балиева бейімдеу орталықтарында тұрмыстық дағдарысқа ұшыраған отбасы мүшелерімен психологтардың жұмыс істеуін ұйымдастыру қажеттігін атады. Сонымен қатар, ол тұрмыстық зорлық-зомбылықтан отбасыларды қорғау жұмыстарымен бүгінгі таңда 24 ҮЕҰ айналысатынын жеткізе келіп, олардың жұмыс тиімділігі үкіметтік органдардан анағұрлым артық екендігін айтты. Сондықтан тұрмыстағы зорлық-зомбылықтарға қарсы күресте барлық күштерді, кейбір шет елдердегі сияқты, бір орталыққа тоғыстырып, тиімділігін арттыру керектігін көлденең тарта келіп, оларды барлық аудан, облыс орталықтарында да ашу қажеттігін жеткізді. Сөзінің қорытындысында ол осы іспен айналысатын арнайы мемлекеттік орган құрудың қажеттілігін атап өтті.
Депутат Бақытгүл Хаменованың сөзінен бұл істің мән-жайын жақсы білетіні байқалды.
«Бүгінгі күні әйелдер мен балаларға қарсы жауыздық әрекеттер өте көбейіп кеткен. Былтыр ғана осындай 140 мыңға жуық оқиға тіркелген. Оның ішінде жәбір көруші әйелдердің 80-ге жуығы өзіне өзі қол жұмсаған. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың 80 пайызға жуығы әйелге қарсы жасалады. Үйдің шамшырағы болатын әйел адамға қарсы жасалатын жауыздықты көрген баланың өсе келе, әкенің озбырлығын қайталамасына кім кепіл? Бұл жәбірленушінің құқығын ғана таптамай, ертеңгі ұрпақтың талабы мен тілегіне де балта шабады емес пе», деді ол.
Өзінің ұсынымдары арасында депутат аудандар мен облыс орталықтарындағы тұрмыстық жәбірленушілерді қорғау бөлімшелері белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталықтарының жанынан ашылғанын айта келіп, енді осы бөлімшелерді дербес орталық ретінде құрып, өз жарғысымен жұмыс істейтіндей ету керек екенін атап көрсетті.
Үкімет сағатына ІІМ, Бас прокуратура, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның жауапты қызметкерлері, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының жергілікті полиция қызметкерлері, сонымен қатар, Үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты.
Отырыс қорытындысы бойынша, депутаттар тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-әрекеттерді жандандыруға бағытталған тиісті ұсынымдар қабылдады.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»