• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
15 Наурыз, 2017

Жолы болғыш жігіт

520 рет
көрсетілді

Ержан Нұрланұлы – заманауи сурет өнерінің өкілі, түрлі бағыттарда еңбек етіп келе жатқан, атап айтқанда, граффити, каллиграфия, кескіндеме өнерінің майталманы, шығармалары Қазақстан қалалары мен шет ел көрмелерінен орын алған жас суретші. Жас болса да, сурет өнерімен топты жарып, қатарынан бір адым ілгері жүрген Ержан Нұрланұлының туындылары көптеген көрмелерге қойылып, ылғи да жүлделі болып жүрген жайы бар. Былайша айтқанда, жолы болғыш жігіт. Әрине, мұның бәрі Нұрланның талан­тының арқасында мүмкін болып отыр. Үстіміздегі жыл­дың қаңтар айында Елбасы – Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті қорының ғимаратында өткен көрмеде «Креативтік» аталымы бойынша марапатталды. Сондай-ақ, 2016 жылы «Мұралы Алматы» ха­лық­ара­лық фестивалі, «Ме­нің қа­лама – 1000 жыл» конкурсы, 2015-2016 жылдары өткен «Энер­гия лета» граффити кон­­курсы және тағы басқа көр­мелерде суреттері қойылып, түр­лі марапаттарға ие болды. Жақында зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада Ержан Нұрланұлымен өткен кездесуде көпшілікке сурет өнерінің заманауи «граффити» түрі жайында ақпарат берді. Граффити италия тілінен аударғанда «тырнау» (царапать) деген мағынаны білдіреді. Бұл сурет өнерінің көбінесе көшеде қолданылатын түрі болып есептеледі. Сурет қабырғаларға жай сөзден (ТЕГ) басталып, күр­делі шығарма болып та қала көше­лерінде орын алады. Граф­фити-суретшілер өздерінің шығар­маларында көбінде лақап ат­тарын, мекенжайларын бей­нелейді. Бояу ретінде спрей-арт, аэрозоль бояулары кең қолданы­латындығын атап айтты. Граффитидің алғашқы нұс­қа­лары ежелгі грек қаласы Эфесте сақталған. Ал ежелгі орыс граффитиі Ресейде шіркеу қабыр­ғаларында құдайға табы­нушылық дұғаларын жазуда қолданылған. Бұл өнер көбіне, тарихтың, лингвистиканың және палеографияның дерек көздері болып табылады. – ХХ ғасырдың басында метрополитен, жүк пойыздары, жер асты жолдары қабырғаларына салынған граффити-суреттердің 1920 жылдардан бастап «Te­xino» деп аталатын түрі бізге де жетті. «Kilroy was here» фра­­засы толық­тырылып бейне­леніп бүкіл әлем­ге тарады. Жал­пы, Нью-Йорк қаласынан бас­тау алған граф­фити хип-хоп мә­дениетімен ты­ғыз бай­ланысты, – дейді Ержан Нұр­ланұлы. Кездесу барысында жас су­ретші өзінің граффити сала­сын­дағы еңбектерін фотошолу ре­тінде көрсетіп, екі деректі фильм­ді көрермендер назарына ұсынды. Захра МАХАНОВА, өнер және спорт әдебиеттері бөлімінің қызметкері