Жоғары хоккей лигасындағы плей-офф кезеңінің 1/4 финалында қазақстандық «Торпедо» мен «Сарыарқа» командалары екінші ойындарын өткізді.
● Өскеменде өткен матчта «Торпедо» Санкт-Петербургтің «Динамосымен» кездесіп, 3:2 есебімен басым түсті. Кездесудің алғашқы голы 5-минутта соғылды. Бұл тұста Кирилл Тамбиев көзге түсіп, питерліктерді алға шығарды. Арада бір минут өткенде Максим Капитуров есепті теңестіріп үлгерді. Дегенмен, 17-минутта қонақтар Артем Тамилиннің көмегімен екінші шайбаларын салды.
Екінші кезең қауіпті шабуылдарға толы болса да, есеп өзгеріссіз қалды. Үшінші кезеңде шығысқазақстандықтар Джордон Сауторнның арқасында есепті 2:2-ге жеткізді. Матчқа жиналған қауым тартысты бәсекенің куәсі болғаны айдан анық. Себебі, негізгі уақытта жеңімпаз команда анықталмай, ойын овертаймға ұласқан. Бұл уақытта да қос команда бір-бірін аңдумен өткізді. Тек екінші овертаймда Евгений Рымарев жеңіс голын соқты.
«Торпедо» мен «Динамо» арасындағы жалпы есеп 1:1 болды. Келесі кездесу ертең Санкт-Петербургте өтеді.
● Осы сында өнер көрсетіп жатқан «Сарыарқа» Қарағандыда «Зауралье» командасымен күш сынасып, 2:3 есебімен ұтылып қалды.
Алғашқы ойындағы жеңілісті қаперінде ұстаған «Зауралье» ойыншылары кездесудің 3-минутында есеп ашып үлгерді. Оны Евгений Полторок өз еншісіне жазды. Кезең соңында Артем Михеев басымдықты арттыра түсті. Дәл осыдан кейін алға ұмтылған қарағандылықтар 35-минутта Михаил Анисиннің көмегімен есеп айырмашылығын қысқартса, 42-минутта таразы басын теңестіріп кетті. Бұл матчтың негізгі уақытында да жеңімпаз табылмай, ойын овертаймға жалғасты. Өкінішке қарай, Никита Сироткин 65-минутта «Сарыарқа» қақпасынан саңылау тауып, «Зауральенің» жеңісіне себепші болды.
Қос команданың арасындағы жалпы есеп 1:1 болды. Келесі матч ертең Ресейдің Қорған қаласында өтеді.