• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
15 Наурыз, 2017

Дін тақырыбын жазатын журналистер бас қосты

279 рет
көрсетілді

Жуырда Өскеменде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Өскемен аймағы өкілдігінің мұрындық болуымен «Адамгершілік құндылықтарды насихаттаудағы БАҚ-тың рөлі» тақырыбында І республикалық журналистер форумы өтті. Тағылымды шараға ҚМДБ-ға қарасты еліміздің барлық өңірлеріндегі баспасөз хатшылары, журналистер, ғалымдар, діни бірлестік жетекшілері, жас­тар мен аймақтың имамдары қатысты. – Соңғы жылдары ғалам­тор беттерінде, ақпарат құрал­дарында үнемі болмаса да, ара-тұра асыл дінімізге нұқсан келтіретін ұшқары ой-пікірлер мен әртүрлі мақалалар жария­ланып жүр. Мұның бәрі біл­местіктен, дұрыс түсін­бе­ген­діктен туындайтыны бел­гілі. Сондықтан дін тақы­рыбын жаз­ғанда журналистер қауымы елімізде діни алауыздық тудырмайтындай, керісінше елдің бірлігін бекемдеп, жұрт­ты имандылыққа, ізгілікке шақы­ратын дүниелерге көбірек қалам сілтесе деген ізгі ниетпен ұйымдастырып отырмыз бұл шараны, – деді ҚМДБ Өскемен аймағының өкіл имамы, облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек Мұ­қатай форумды ашқан сөзінде. Форумда баяндама жасаған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз бөлімінің басшысы Ағабек Сыдықов журналистер дін тақырыбын қаузағанда сенсация іздегеннен гөрі, жұртқа тағылым-тәрбие, үлгі-өнеге беретін дүниелерге көңіл бөлсе, бұл мәселеге байыптылықпен, салмақтылықпен, жауапкер­шілікпен қараса деген тілегін жеткізді. – Анық-қанығына көз жет­кізілмей, асығыстықпен, қалай болса солай жарияланатын материалдар көбейді. Мәселен, «Мешітте аяқ киім ұрланды», «Молда ақша сұрады», «Ме­шітте төбелес шықты» деген секілді ақпараттарды жұрттан сүйінші сұрағандай апыл-ғұпыл жариялауға асығатын әріп­тестеріміздің қатары азаймай тұр. «Отыз тістен шық­қан сөз отыз рулы елге тарайды» дегендей, бұдан кейін бұл ақпаратты қанша жерден теріске шығарсаң да, халық арасында алғашқы естіген немесе оқыған ақпарат қалып қояды. Кейін жүз дәлел келтірсе де, сол адам туралы қоғамда теріс пікір қалыптасады. Дін – нәзік тақырып. Оны рей­тинг көтеру бағытында пай­да­ланбағанымыз абзал, – деп пікірін білдірген ол дін тақы­рыбын жазатын журналистер мақалаларын жария­ламас бұрын басқармаға жүгінсе, деген ұсынысын жеткізді. Сон­дай-ақ, ол осы тақы­рыпта қалам тербейтін жур­налистердің кә­сіптік этикасы туралы кодекс қа­былданса, жо­ғары оқу орындарында діни тақырыптарда қосымша дәрістер оқылып, арнайы факультативтер ашылса деген сияқты бірқатар тілегін айтты. Өзекті мәселе төңірегінде әңгіме өрбіген жиынға өңірдегі өзге діннің өкілдері де қатысып, ой-пікірлерін ортаға салды. – Бүгінде діни экстремизм проблемасы өзекті. Ел болып шама-шарқымызша оған қарсы күресіп жатырмыз. Еш­бір мемлекет бұл қауіптен сақтан­дырылмаған. Ұрпақ өсіп келеді. Көбінің «рухани ұс­тазы» да, тәрбиелейтін «әке-шешесі» де – теледидар болып тұр. Онда көрсетілетіні – ылғи қантөгіс, сатқындық. Бала теледидардан көргенін істейді. Сондықтан ұрпақ тәрбиесіне зиялы қауым, қалам иелері, дін өкілдері де белсене араласуы керек. Өйткені, баланың бола­шағы – ел болашағы, – деді Өскемен шіркеуінің дін қыз­метшісі Константин Дьяков. Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан» ӨСКЕМЕН Суретті түсірген Ғылымбек СӘБИТОВ