• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
16 Наурыз, 2017

Алматыда ит пен мысыққа чип салынады

401 рет
көрсетілді

Алматыда үй жануарларына сәйкестендіру жұмыстары жүргізілмек. Қалалық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша, алдағы уақытта иесі бар ит пен мысықтың барлығына арнайы микрочип тағылатын болады. Бұл құрылғының көмегімен қаладағы үй жануар­ларының цифрлы электронды деректері жинақталады. Деректер қорына ит пен мысықтың түр-түсі, жасы, оған қатысты барлық ақпараттар тіпті қожайынының аты-жөніне дейін түгел жазылады. – Мұндағы мақсат – Алматы қаласындағы жануар­лардың, үй жануарларының нақты есебін анықтау. Бұл − тендер бойынша өткізілетін іс-шара. Сәйкестендіруге 73 миллиондай ақша қарастырылып отыр, – дейді Алма­ты қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Абызбаев. Мамандардың айтуынша, бұл бастама үй жануарларын асырап отырған азаматтардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырып, тазалық пен қауіпсіздік мәселесінің сақталуына өз үлесін тигізеді. Өйткені, микрочипте әр жануарға жүргізілген ветеринарлық ем-шаралар туралы ақпараттар да толық сақталады. Мамандар «Әрбір үш ай сайын ит пен мысықтарға екпе егіліп тұрған жағдайда, адамға жұғатын лептоспироз, құтырма және басқа аурулардың алдын алуға болады» дейді. «Ит пен мысықты асырай алмай қаңғытып жіберетіндер көп.Солардың салдарынан иесіз қаңғыбас иттер пайда болады. Алматы қаласында тіркелген 140 мың үй бар. Әр үйде 2-3 ит ұстайды», дейді Алматы қаласы ветеринария орталығы басшысының орынбасары Жылкелді Тілесбаев. Жалпы, ит пен мысықтың жөн-жосықсыз көбеюін тоқтату мақсатында залалсыздандыру жұмыстарына 117 миллион теңге бөлінген. Жоғарыда айтылған сәйкестендіру шарасы алдағы 1-1,5 ай ішінде іске аспақ. Арман ОКТЯБРЬ, журналист