• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
16 Наурыз, 2017

Нидерландтағы сайлау: оңшылдар лидері жеңілгенін мойындады

301 рет
көрсетілді

15 наурыз күні Нидерландта парламенттік сайлау өтті. Алдын ала мәліметтер бойынша, қазіргі премьер-министр Марк Рюттенің оңшыл либералдық Азаттық және демократия үшін халық партиясы жеңіске жетті, деп жазады ВВС. NOS Нидерланд ұлттық телерадиокомпаниясының тапсырысымен жасалған есеп бойынша, Рютте басқаратын Азаттық және демократия үшін халық партиясы парламенттегі 150 орынның 31 мандатын иеленеді. Ал олардың басты қарсыластары - ультраоңшылдар, Герт Вилдерстің Азаттық партиясы 19 мандатты иеленді. Осыған орай Герт Вилдерс "Біз 19 немесе 20 мандат алуымыз мүмкін. Бұл мен күткендей нәтиже емес. Дегенмен, біздің жеңімпаздар қатарынан көрінгеніміз де жақсы нәтиже", деді. Ал қазіргі премьер-министр Марк Рютте Нидерланд халқы "қауіпті популизмге" қарсы дауыс бергенін айтты. Осы сынға өз пікірін білдірген Вилдерс "Оның нені меңзеп тұрғанын түсінбедім. Ол (Рютте - ред.) жақсы және жаман популизм болатынын айтты. Мені екінші қатарға қосты. Мен өзімді популистпін деп есептемеймін", деді. Вилдерс сайлауалды кампаниясында Дональд Трамптың лозунгтерін жиі қолданғандықтан "популист" атанып кеткен болатын. Бір айта кетерлігі, Рюттенің жеңісін Германия мен Франция жақсы қабылдады. Германия канцлері Ангела Меркель аппаратының басшысы Петер Альтмайер Твиттер парақшасында "Нидерланд! Сіздер чемпионсыздар! Сайлаудың керемет нәтижесі құтты болсын", деп жазды. Ал Францияның Сыртқы істер министрі Жан-Жақ Эйро "Әсіре оңшылдардың көтерілуіне жол бермеген голландықтарды құттықтаймын", деп жазды. Жалпы, Нидерланд парламентіне өтетін партия саны көп болғандықтан, мемлекеттік үкіметте 100 жылдан астам уақыт бойы коалициялар құрылады. Ал сайлау басталмас бұрын мемлекеттегі барлық партиялар Вилдерспен коалиция құрудан бас тартқан болатын. Сайлауда үшінші орында 16 депутат мандатын иеленген Рюттенің басқарушы коалициясының серіктестері - «Жасыл солшылдар» тұрса, 14 мандаты бар Социалисттік партия төртінші орын алды. Биыл сайлауға халықтың 81 %-ы қатысқан. 2012 жылы бұл көрсеткіш 73 % болған. Сайлаудың ресми қорытындысы бірнеше сағаттан кейін белгілі болады.