• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
17 Наурыз, 2017

Сыбайластыққа қарсы күреске  студенттер де қосылады

171 рет
көрсетілді

Қостанай облысының жоғары оқу орындары ректорлары мен  Мемлекеттік қызмет және сыбайластыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аумақтық департаментінің бастығы меморандумға қол қойды.  Оған 8 жоғары оқу орнының басшылары мен оқытушылары, студенттер қатысты. Онда сөйлегендер жоғары оқу орындарында оқитын студенттер арасында  сыбайластыққа «нольдік» төзімділік болуды қалыптастыру үшін басты пәрменді түсіндіру және  тәрбиелік жұмыстарға салу керектігін айтты.

«Сіз бен біздің басты мақсатымыз—сыбайлас жемқорлық жастар арасында қылмыспен тең ұят нәрсе болып  қабылдануын қалыптастыру болып табылады.  Білім алу—қызмет түрі, ол үшін мемлекет немесе студенттің ата-анасы  қаржы төлейді. Сондықтан профессорлық-оқытушылық  құрам мен студенттер жастардың  сапалы білім алуы керектігін түсінуі тиіс. Оқытушы студентке ақылы негізде сапалы білім ұсынатынын түсінуі керек. Ал сыбайластық орын алған кезде оның залалы ең алдымен  білім алып жатқан студентке тиеді.Сыбайластық орын алды дегенше студенттің білім сапасы бірден нашарлайды» деді Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, профессор Еркін Әбіл. Ол студенттерді сыбайластық орын алғанда үндемей қалмауға, төзбеуге шақырды.

Департамент пен оқу орындарының басшылары меморандум шеңберінде сыбайластыққа қарсы жастар флэшмобы, сарапшылар клубын құру секілді түрлі шараларды да жоспарлауға  келісті. Департамент тек жоғару оқу орындарымен ғана емес, жалпы білім саласында сыбайластыққа қарсы жұмыс жүргізетін болады.

«Білім басқармасымен келісе отырып, облыстағы жалпы білім беретін  барлық мектептерде  «Адал ұрпақ» патриоттық клубтарын құру туралы  жұмыстар жүргізілді. 2016 жылы  облыстағы 529 мектептің 417-де осындай клуб құрылды. Баланы жастан адалдыққа үйретуге клубтардың қосар үлесі болады деп білеміз» деді Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл  департаментінің бастығы Берік Бекжанов.

Департамент пен жоғары оқу орындары арасындағы қол қойылған меморандум қоғамдық кеселге қарсы олардың күш бірктіруіне мүмкіндік жасайды.

Нәзира Жәрімбетова

«Егемен Қазақстан»