Кеше Қазақстан Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның «2010 жылы Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарының ахуалы туралы» баяндамасының халықаралық тұсаукесері болып өтті.
Бұған дейін баяндама халықаралық және отандық сарапшылардың оң бағасын алған болатын. Осы ретте адам құқықтары жөніндегі баяндама Ұлыбританияның Қазақстандағы және Қырғызстандағы елшіліктерінің, ЕҚЫҰ Астанадағы орталығының техникалық көмегі арқасында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде басылып шықты. Тұсаукесер рәсіміне қатысқандарға арнап Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Сағынбек Тұрсынов, Ұлыбританияның Қазақстандағы және Қырғызстандағы Дипломатиялық миссиялары басшысының орынбасары Джон Терлоу және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы орталығының басшысы Александр Кельчевский құттықтау сөз сөйледі.
Өзінің құттықтау сөзінде Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Сағынбек Тұрсынов еліміздегі құқық қорғау тетіктерінің халықаралық стандарттарға сәйкестігін, әйтсе де бұл бағытта әлі де жетілдіруді қажет ететін тұстар бар екендігін айта келіп, нақты қадамдар барысын тілге тиек етті. Е.Қазыханов құқықтық ортаны жетілдіру жөніндегі жұмыс бағдарламалық құжаттармен – 2010-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы құқықтық саясат тұжырымдамасымен және 2009-2012 жылдардағы адам құқы саласындағы іс-әрекет ұлттық жоспарымен үйлестірілгендігін ерекше атады. Қазіргі таңда екі құжат та Президент тарапынан бекітілген.
Е.Қазыхановтың пайымынша, бүгінде баяндамада ұлттық заңнамамен салыстырмалы саралау және олардың адам құқы саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкестігін айғақтайтын құқық қолдану тәжірибесі де бар. Ол нақты адамның азаматтық, саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарының сақталу мәселелерін қамтиды. Бұл халықаралық және үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдары жіті назар аударған бағыттар болып табылады. Осы орайда министр адам құқын қорғау мен оны алға жылжытуда әлемдік тәжірибені есепке алмай ілгері жылжи алмайтынымызды ерекше айтты. Міне, бұл факторлар көп жағдайда Қазақстанның БҰҰ-ның адам құқықтары саласындағы негізгі саналатын келісімдері мен конвенцияларына қосылуы бойынша шешімге келуін айқындап берді. Оның үстіне Қазақстан адам құқын сақтауды қадағалау халықаралық тетіктерімен ынтымақтастықты үнемі қолдап келе жатқандығын айта кеткен жөн. 2011 жылдың шілдесінде БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінде Қазақстанның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде көрсетілген ережелерді сақтауы жөніндегі ұлттық алғашқы баяндамасы қорғалды.
Жалпы, 2010 жылғы 1 қаңтар мен 31 желтоқсан аралығындағы кезең ішінде комиссия хатшылығына жеке және заңды тұлғалардан құқық пен бостандығы бұзылуы бойынша 1320 жазбаша шағым келіп түскен. Соның 27,20 пайызы құқық қорғау органдарының әрекеттері мен әрекетсіздіктеріне байланысты екен. Ал 19,62 пайызы әкімдердің, атқарушы және өкілетті билік органдары лауазымды қызметтерінің әрекеттеріне күйінсе, 9,39 пайызы сот шешімдерінің орындалмауына және өзге де мәселелерге шағымданған.
Жалпы, баяндаманың тұсаукесеріне мемлекеттік органдардың, еліміздің құқық қорғау саласындағы үкіметтік емес ұйымдардың, елімізде аккредиттелген халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, адвокатура, нотариат, білім және ғылым ұйымдары, мәдениет, бизнес және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Баяндаманы комиссия мүшелері Тастемір Әбішев, Мәдина Жарбосынова, Виталий Воронов және Еңлік Нұрғалиева таныстырып, бірқатар сұрақтарға жауап берді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.