• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Қыркүйек, 2011

Бұлбұл әнші бейнесі

598 рет
көрсетілді

Күләш Байсейітоваға ескерткіш қойылды Қазақ операсының бұлбұлы, классикалық ән өнерінің жарық жұлдызы Күләш Байсейітоваға Алматы қаласындағы өз атындағы музыка мектеп-интернатының алдына ескерткіш қойылды. Ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығына, К.Байсейітованың 100 жылдығына орайластырылған шараға өнер қайраткерлері мен ресми қонақтар қатысты. Мүсінші Тілеуберді Бинашев сом­даған Күләш ескерткіші өмірін өнерге арнаған қазақ әйелінің кейпін әдемі жет­кізіп тұр. Тағдыры күрделі әншінің көрген марапаты мен тартқан ауырт­па­лы­ғының ізі де жоқ. Тек қазақтың мақ­та­нышы, дала әуезін әлемдік клас­си­каға қоса білген қайраткер ғана жас талант иелерін рухтандырып тұрғандай. Ескерткішті К.Байсейітова атын­да­ғы мектеп-интернаттың директоры О.Абдуллаев пен қала әкімі А.Есімов салтанатты түрде ашып, гүл шоқтарын қойды. Жиылған көпшілік алдында КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Еңбек Ері Б.Төлегенова, Мәдениет вице-министрі А.Бөрібаев, бұлбұл әншінің туыстары Қ.Қана­бек­қызы, Қазақстанның халық әртісі Б.Жаманбаев, сон­дай-ақ әншінің замандастары сөз сөй­леп, естеліктер айтты. Аталмыш мек­тептің симфо­ниялық оркестрінің сүйемелдеуімен опера әншісі Б.Еңкебаева кешегі Күләш апасы салған әндерді құйқылжыта орындады. Кеш соңында мектеп-интернаттың директоры О.Абдуллаев ескерткіштің тұрғызылуына қолдау көрсеткен «№1 құрылыс компаниясының» бас ди­ректоры С.Ұстабековке, «Құбыла» құ­рылыс компаниясының президенті Ө.Қадыровқа және ескерткіш авторы, мүсінші Т.Бинашевке алғыс айтты. Қанат ЕСКЕНДІР. Алматы. ------------------------------------------ Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.