Сәрсенбінің сәтінде Алматыдағы Ықылас атындағы Халық музыкалық аспаптар мұражайында «Алтын қалам-2016» тәуелсіз әдеби жүлдесінің кезекті жеңімпаздары марапатталды.
Жүлдеге ұсынылған ілкімді шығармалар іріктеле келе, қазақ және орыс тілдерінде жазылған 30 шығарма 6 аталым бойынша қорытынды сайысқа жіберілген болатын. Тәуелсіз әдеби жүлде үшін еліміздің барлық аймақтарындағы авторлар «таласқанын» айта кетелік. Жұмыстар үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап қазан айының 15-не дейін қабылданып, оқырмандар қазанның 31-не дейін дауыс берді. Барлық шығарма akalam.kz сайтына орналастырылды. Биыл байқауға 446 автор әр түрлі жанрда жазылған 863 шығармасын ұсынған.
Сонымен, қазылар алқасынының шешімімен «Жылдың үздік поэзиясы» жүлдесін шымкенттік ақын Дәурен Айманбетов алды. «Жылдың үздік прозасы» алматылық Жәнел Әбузарованың «Тезекбай» шығармасына берілді. «Жылдың үздік кино сценарийі және драматургиясын» алматылық Нұрлан Қамидың «Қаламгері» алды. «Жылдың үздік балалар және жасөспірімдер әдебиеті» сыйлығына Оңтүстік Қазақстан облысынан Орынбасар Сүттібайдың «Қанатты барыс, көк бөрі және Бабыр батыр» ертегісі лайық деп табылған. «Жылдың үздік сатирасы» бәйгесін екібастұздық Сайлау Байбосынның «Асқазаныңыз ауырмай ма?» атты дүниесі алды.
Сол сияқты «Жылдың үздік фантастика немесе детектив шығармасы» атаулы сыйлығы бойынша Ділдәгүл Нұрмаханбеттің «Құпия жәшік тұтқыны» марапатталды.
Ал орыстілді авторлар ішінде Наталья Слудскаяның «Оранжевое на сером» жыры үздік атанса, прозада көкшетаулық Орынбай Жанайдаровтың «Последний хан Золотой Орды» шығармасының жолы болды. Орыстілді балалар әдебиетіндегі бас жүлде бар болғаны 14 жастағы павлодарлық автор Гүлнұр Бауыржанованың «Невозможное» әңгімесіне берілді. Сатирада «Тараканы в голове» шығармасымен қызылордалық Наталья Денисованың туындысы топ жарды. Сол сияқты үздік фантастика ретінде алматылық Людмила Лазареваның «Координаторы» жеңіске жетті. «Жылдың үздік кино сценарийі және драматургиясы» Мәдина Рахымбаеваның «Снегопад» сценарийі марапатталды.
Сонымен қатар, қазылар алқасының шешімімен «Қазақ әдебиетіне қосқан елеулі еңбегі үшін» «Бабалар сөзі» жүз томдығын шығарған М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты марапатталды.
Биылғы жүлденің басты оқиғасы – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай қазақтың үздік романына алғаш рет арнайы бәйге жарияланды. «Жылдың үздік романы» аталымы бойынша «Мен жындымын» шығармасымен жеңімпаз атанған Тұрысбек Сәукетаев меценат Кеңес Рақышев тағайындаған 1 000 000 теңгеге ие болды.
Бұл байқаудың басты олжасы – QAZKOM банкінің қаржылай қолдауымен байқаудың таңдаулы шығармалары 2017 жылы жарық көретін «Алтын қалам-2016» әдеби жүлдесінің жинағына енеді.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ