Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Жүректен жүрекке» атты меценаттар мен қайырымдылық көмегін берушілердің І облыстық форумы болып, осы саладағы үздіктер марапатталды, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының 24-сессиясында ҚХА-ға қайырымдылық көрсету мен медиацияны жүргізуді жүктегені мәлім. Осы міндеттер аясында қиын жағдайда қалған азаматтарға қайырымдылық көмектер берілуде, аз қамтылған отбасылар, жетім балалар мен мүгедектерді әлеуметтік қолдаумен тұрақты түрде айналысатын қоғамдық бірлестіктер жұмыс жасауда. Жалпы, биыл өңірде 5 мыңнан астам түрлі қайырымдылық шаралары өткізіліп, оларды ұйымдастыруға 3 мыңнан астам адам қатысты. Батысқазақстандықтарға жыл ішінде 30 млн. теңгеден астам жәрдем берілді. Сондықтан қоғамда қайырымдылық істерінің бұдан да кеңірек қанат жаюы аса маңызды.
Шара соңында үздік меценаттар марапатталды. Еріктілердің еңбегі де мол екені атап өтілді. Осы күні «Қайырымдылық керуені» ұйымдастырылып, өңір кәсіпкерлері атынан 110 аз қамтылған және көп балалы отбасыларға азық-түлік қоржыны жеткізілді.