Шығыс өңірінде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Менің елім – Мәңгілік Ел» республикалық жастар акциясы өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясы Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетикалық кешенінде ұйымдастырған шараға өңірлік этномәдени бірлестіктер өкілдері, қоғам қайраткерлері, жастар ұйымдарының жетекшілері, мектеп, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
Акцияның басты мақсаты – Тәуелсіздік жылдары ішінде мемлекетіміздің қол жеткізген жетістіктерін паш етіп, көпұлтты хал-
қымыздың достығын одан әрі нығайтуға үн қосу, әсіресе, жастар арасында мемлекетіміздің негізгі құндылықтарын кеңінен насихаттау.
– Мен үшін бүгінгі өткен шараның алар орны ерекше. Себебі, Еліміздің өсіп-өркендеуі менің және мен қатарлы Тәуелсіздік құрдастарының бірден-бір міндеті деп есептеймін. Қазақстан жастарының республикалық акцияның нышанына кітапты таңдап алуы кездейсоқ емес. «Мәңгілік Ел» кітабы ел жастарының Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерінің жылнамасы, оған Тәуелсіздігіміздің құрдастары – жастардың тілегі, жетістіктері, білімі мен тәжірибесі жазылып, 1 желтоқсан күні Астана қаласында Елбасына табыс етіледі, – деген ізгі тілегін жеткізді тәуелсіздіктің құрдасы Әсел Алтынбекқызы.
Павлодар қаласының жастары «Мәңгілік Ел» жастарының жетістіктері – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы» кітабын өскемендіктерге салтанатты түрде тапсырды. Акция әрі қарай Қарағанды облысында жалғасады.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН