• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
26 Қараша, 2016

Халықаралық мәселеге арналған басқосу

145 рет
көрсетілді

25 қараша – Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жоюға арналған халықаралық күрес күні. Оны Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1999 жылы белгілеп, ресми түрде жариялаған. Сол кезден бері әлемнің көптеген елдерінде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесіне назар аудартуға бағытталған «16 белсенді күн» бастау алды. 25 қарашадан 10 желтоқсанға дейінгі жыл сайынғы науқан Қазақстанда да өткізіледі. Орталық коммуникациялар қызметінде «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» халық­ара­лық науқанының мақсаттары мен міндеттері» тақы­рыбында брифинг өткізіліп, оған Пре­зи­­дент жанындағы Әйелдер істері және отба­сылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлт­тық комиссия төрайымының орынбасары, Орта­лық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен, Ұлттық комиссия мүшесі, Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төр­айымы Сәуле Айтпаева және Ішкі істер ми­нистр­лігі әкімшілік полиция комитеті төр­аға­сының орынбасары Мақсат Байболов қатысты. Ұлттық комиссия төрайымының орын­басары соңғы жылдары елде тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы заңдылықты нығайту бойынша пәрменді заңды және практикалық шаралар қабылданғанын, тұр­мыс­тық қылмыс­тардың жолын кесу бойынша құқықтық механизмдер құрылғанын атап өтті. «Елбасы әйелдерге қатысты зорлық-зом­былыққа қарсы күресті басым міндеттердің бірі деп белгіледі. Профилактикалық жұмысты белсенділендіру және әкімшілік-құқықтық шараларды қолдану өз нәтижесін берді – соңғы төрт жылда тұрмыстық қылмыстың саны екі есеге қысқарды», – деді Л.Сүлеймен. Алайда, оның айтуынша, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық бүкіл әлемде де күрделі мәселе болып қалып отыр. Сәуле Айтпаева тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саласындағы өзекті мәселелер туралы және Бас прокуратура жүзеге асырып жатқан «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасының аясында қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат берді. Сондай-ақ, отбасылық-тұрмыстық сала­дағы құқық бұзушылықтардың алдын алу­дың тиімді механизмдерін әзірлеуге және елі­мізде тұрмыстық зорлық-зомбы­лық құр­бан­дарын оңалтуға арналған ведомство­ара­лық жұмыс тобы құрылғанын жеткізді. «Биылғы жыл­дың басынан бері тұрмыстық сипаттағы қыл­мыстарға байланысты күшіне енген үкімдер бойынша 206 адам сотталды. Олардың ба­сым бөлігі (86 адам) бас бостандығынан айы­ру жазасына кесілді. Сондай-ақ, 11 444 адам әкім­шілік жауапқа тартылды», – деді С.Айтпаева. Ішкі істер министрлігінің әкімшілік поли­ция комитеті төрағасының орынба­сары Мақсат Байболов тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша ішкі істер органдары қабылдап жатқан шаралар туралы баяндады. Айдар ӨРІСБАЕВ, «Егемен Қазақстан»