• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
26 Қараша, 2016

Қостанайда көп балалы отбасына үй берілді

249 рет
көрсетілді

Қостанай ауданындағы Әлжан ауылында тұратын Нұрлан мен Гүлжауһар Төлегеновтер өзінің бір ұлынан басқа түрлі ұлттың сегіз баласын бауырына басты. Олар осы ауылдағы кішкентай қоржын үйде тұрып жатты. Балаларға ол тарлық ететін. Бірақ жоқтан бар жасап үйренген отанасы «көңіліміз кең болса жарар» деп ешкімнің алдына алақан жайып барған жоқ. Көп балалы отбасының  жағдайын көрген Гүлжауһардың мектептегі ұстаз әріптестері осыдан үш жыл бұрын оларға асарлатып үй салып беруге бастама көтерген болатын. Сөйтіп, аудан ұстаздары қаржы жинаған еді. Бірақ олар жинаған 5 миллион теңге үй салуға жетпеді, әрі  мұғалімдер жалдаған құрылыс бригадасы үй құрылысында қате жіберіп, ол тоқтап қалған болатын. Сондықтан Төлегеновтер отбасы үйінің құрылысын аяқтауды Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы қолға алған еді. Отбасылық балалар үйі үшін облыстағы барлық ұлттың өкілдері жылу жинады. Корей  ұлттық-мәдени орталығының төрағасы, белгілі кәсіпкер, «БК-СТРОЙ» құрылыс компаниясының  жетекшісі Игорь Ким коттедждің құрылысын  аяқтауды қолына алған еді, ол жақында отбасына үйдің кілтін берді. Төлегеновтер отбасы екі қабатты зәулім үйге көшіп, қоныс тойын тойлады. «Нұрлан мен Гүлжауһар өте сауапты іс істеп отыр. Мен Гүлжауһардың мейірімділігі мен адамгершілігіне таңқаламын. Балалардың барлығын  керемет тәрбиелеп отыр, олар спортпен, музыкамен айналысады. Ал олардың  жасап отырған  ісінің қасында біздікі сәл көмек қана. Барлық жұрт болып бұл қайырымдылық істен шет қалмады. Енді біз осы отбасына тұрақты  көмек беріп тұратын боламыз, көктемде үйдің айналасын ретке келтіреміз,  бау-бақша егетін боламыз». - деді Игорь Романович. Жұртшылық, демеушілер келіп, отбасының жаңа қонысына құтты болсын айтты. Нәзира Жәрімбетова, "Егемен Қазақстан". Қостанай облысы