Бүгін еліміздің агротехникалық университеттерінің жетекшілері мен ауыл шаруашылығы мамандарының Қытай Халық Республикасына арнайы сапары аясында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті мен Солтүстік Батыс ауыл шаруашылық, орман шаруашылық ғылым-техника университетінің арасында өзара келісім туралы меморандум жасасты. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Меморандумның басты мақсаты – ғылыми-зерттеу және білім беру саласындағы тараптардың кезеңдік және жүйелі түрде тәжірибе алмасуына және ынтымақтастыққа жәрдемдесу.
Оның аясында, профессорлық-оқытушылар құрамы, доктаранттар, магистранттар мен студенттердің академиялық ұтқырлығын дамыту, ізденушілерге ғылыми, педагогикалық және зерттеу тағылымдамаларынан өтуге жәрдемдесу, алмасу барысында студенттердің оқу үрдісінде алған кредиттерін екіжақты тану, өзара мүмкін болатын білім беру бағдарламаларын және екі дипломды білім беруді дамыту үшін университеттердің ғылыми және білім беру мүмкіншіліктерін пайдалану секілді т.б. міндеттер қарастырылған.
Бұдан бөлек, білім беру мен ғылымның өзекті мәселелері бойынша бірлескен симпозиумдар, халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарлар ұйымдастыру, ортақ ғылыми-зерттеу бағдарламалары мен жобаларды қолға алу жоспарлануда.