Бүгін ҚХР-ға жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Қытайдың үш компаниясының өкілдерімен кездесті деп хабарлады «ҚазАқпарат».
А.Мамин Cathay Industrial Biotech Ltd. басқарма төрағасы Лю Сюцай, Shaanxi Jingshengyu Fucha басшысы Ма Хэнгуан, сондай-ақ Naga Corp. Ltd басшылығымен ынтымақтастықтың болашағы мен бірлескен жобаларды іске асыру жайын талқылады.
Cathay Industrial Biotech Ltd. басшымен кездесу бұл осы жылдың қыркүйек айында Бақытжан Сағынтаев Шанхайда жүргізген келіссөздердің жалғасы. ҚР Премьер-Министрі ынтымақтастыққа ықылас танытып, Қазақстан аумағында бидайдан және жүгеріден тоқыма өндірісі бойынша зауыт құрылысының мүмкіндігін қарастыруды ұсынған болатын.
«Бүгінгі А.Маминмен кездесудің нәтижесіне көңіліміз толады. Біз Шыңжаң Ұйғыр автономиялық өлкесінің Усу қаласындағы зауытымызға Қазақстанның азық-түліктік емес бидайын жеткізу жайын егжей-тегжейлі талқыладық. Бұдан бөлек, Қазақстан аумағында тоқыма өндірісі бойынша бірлескен зауыт құрылысы мәселесін қарастырдық», – деді Cathay Industrial Biotech Ltd. команиясының басқарма төрағасы Лю Сюцай.