Миллиондаған адамның өмірі мен тағдырын жалмаған сұрапыл соғысқа Қайнар ауылынан аттанып, туған еліне оралмаған Нұрқайымбай Дәркенбаев туралы інісі Ілияс Қындыбайдың әңгімесі еріксіз қолға қалам алдырды.
Ілияс бауырымыздың қолында құнды құжаттар сақталған. Онда Отан солдаты Нұрқайымбай соғыс кезінде қасындағы бес жауынгермен жау тылына өтіп, қару-жарақ тиеген колоннаны отқа орап, көзін жойып, ерен ерлік көрсетеді. Сонымен бірге, неміс генералын қолға түсіріп, «тірі тілді» өз шебіне жеткізген Н.Дәркенбаев Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылады. Бұл жөнінде Райымбек ауданынан Нұрқайымбаймен бірге болған Қызыл шекара ауылындағы Бейсен Сәркеев күні кешеге дейін көрген-білген шындықты жерлестеріне айтып келген. Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғаны жайлы аудандық партия комитетінің сол кездегі хатшысына әскери бөлім командирінен де хат келіпті. Қаһарман қазақ кейін оққа ұшып, құжатты ешкім іздестірмеген. «Өлі риза болмай, тірі байымайды», деген. Ілияс Қындыбай ағасының жоғын жоқтап, ізіне түскендіктен жауынгер жерленген Украинаның Харьков облысы, Изюм ауданы, Сухая Каменка селосындағы бауырластар зиратына арнайы барып, марқұмның рухына тағзым етіп, қайтады.
– Отан үшін, ел үшін отқа түскен жауынгерлердің қай-қайсысы да батыр ғой. Қыршын кеткен бауырымды көп жыл іздестірдім. Тым болмаса жерленген жеріне туған жердің топырағын жеткізсем, рухына тағзым етсем деп армандадым. Сол арманым орындалды. Қайнар ауылынан бір уыс топырақ апарып, бауырластар зиратындағы марқұмның қабіріне, зираттан топырақ әкеліп, ауылдағы ата-анасының мәңгі ұйқыдағы бейіті үстіне септім, – дейді әңгіме иесі.
Украиндықтар Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық мұражайынан алған құжаттарды, басқа да мәліметтерді қосып, сондағы өлкелік мұражайға тапсырыпты. Бауырластар зиратындағы қазақстандық батыр жауынгер рухына тағзым етіп, сондағы Кеңес Одағының жеті батырының жанындағы қазақ жігітінің басына да белгі қойыпты. Харьков облыстық газеті мен телевидениесінде бұл жайлы жан-жақты жазылып, айтылыпты да.
Ерлік – елге мұра, ер есімі – ел есінде мәңгі сақталады. Осының дәлеліндей жақында Ілияс Қындыбай Астанадағы арнайы орындардан рұқсат алып, республикамыздың қиыр шетіндегі Райымбек ауданының Қайнар ауылындағы Мәдениет үйінің алдына ескерткіш тұғыр орнатыпты.
Ескерткіштің салтанатты ашылуына аудан әкімінің орынбасары Мәдени Нұрдәулетов қатысып, еңбек ардагерлері Сатыбай Құныпияев, Нұрмұхан Диқанбаев, Қайнар ауылының әкімі Оспан Иманбеков және басқалары сөз сөйлеп, кескілескен ұрыста батырлықтың, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен жерлестеріне деген жүрекжарды лебіздерін ортаға салды.
Сол күні Қындыбаевтар әулеті бабасына арнап ас берді. Осылайша батыр рухы жерлестерімен қауышып, еліне тастұғыр болып оралды. Енді қайнарлықтар батыр бабаларының өнегесін өмірлеріне үлгі ететін болады.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы, Райымбек ауданы.