• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
28 Қараша, 2016

«Тарбағатай жұлдыздары» атты халықаралық ән фестивалі өтті

373 рет
көрсетілді

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Тарбағатай ауданында «Тарбағатай жұлдыздары» ән фестивалі өтті. Барқытбел бауырында төртінші мәрте өткен фестиваль биыл алғаш рет халықаралық деңгейде ұйымдастырылып, шет елдегі қандастардың да басын қосқан өнер бәйгесіне айналып отыр. Атап айтқанда, Ресей, Қытай, Монғолия және Қырғызстан, сондай-ақ еліміздің Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарынан 50-ден астам өнерпаз сайысқа түсті. Тәуелсіздік тойына арналған фестивальде орындаушылар халық әндері мен Қазақстан композиторларының туған жер тақырыбындағы шығармаларын шырқады. Әсіресе, Ресейдің Алтай аймағы Қосағаш ауданынан және Қытайдың ШҰАР Алтай аймағынан келген қандастар «Ағажай, Алтай», «Қалқа» сынды әндерді нәшіне келтіре орындады. Алатаудың ар жағынан келген айыр қалпақты ағайындар да асқан шеберлік танытты. Байқаудың екінші кезеңіне өткен 25 өнерпаз Қазақстан композиторларының кең тараған патриоттық әндерін орындады. Оның ішінде Бішкектен келген «Залқар» тобының орындауындағы  Ш.Қалдаяқовтың «Ана туралы» әні тыңдарманды ерекше баурай білді. Сондай-ақ С.Бәйтерековтің әйгілі «Әлия» әні байқауда бірнеше мәрте орындалды. Тарбағатай бауырын екі күн бойы ән-думанға бөлеген байқау қортындысы бойынша Гран-При жүлдесін зайсандық Іспек Наурызхан жеңіп алды. Аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев халықаралық фестивальді өткізуге атсалысқан өнер майталмандары мен кәсіпкерлерге шексіз ризашылығын білдірді. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»