Мемлекет басшысының тапсырмасымен тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерекесіне орай республикамыздың алыс түкпірлеріндегі бекеттерге аялдап, өңірлердің экономикалық ахуалымен, халықтың әлеуметтік жағдайымен танысып, оларға дәрігерлік, кәсіпкерлік, әлеуметтік, құқықтық, ауылшаруашылық мәселелері бойынша қабылдау өткізіп, сауалдарына жауап қайтарып, кеңес беру үшін жолға шыққан «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Маңғыстау өңірінде болды.
25 жылдық мереке аясында 1 қараша күні Астана қаласынан жолға шыққан пойыз 25 күн дегенде 25-ші бекет – «Болашаққа» келіп жеткен еді. Алдымен Жаңаөзен қаласына ат суытқан оларды аталған қаланың әкімдігі мен тұрғындары ән-жырмен, ақ дәммен қарсы алды. Жаңарған Жаңаөзенді аралатып, қаланың тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, медицина және әлеуметтік сала мамандары, заңгерлер, өзге де мамандардан құралған 270-ке жуық адамы бар пойызды «Болашақ» бекетінің тұрғындары да жылы қабылдап, мәре-сәре болды, тиісінше олар да тұрғындармен кездесіп, әр сала бойынша туындаған сауалдарына жауап қайтарды, дәрігерлер қабылдау жүргізіп, кеңес берді.
Қарақия ауданының Болашақ ауылдық округі 2012 жылы «Болашақ» темір жол бекеті негізінде құрылған. Еліміздің келешегіне орайластырып «Болашақ» атанған бекет Қазақстан мен Түрікменстан шекарасында орналасқан және оның олай аталуының да өзіндік себебі бар. Солтүстік – Оңтүстік халықаралық көлік дәлізінің шығыс тармағы болып есептелетін бұл бекеттің келешекте халықаралық тасымал-өткізгіштік әлеуеті аса зор болмақ. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев пен Түрікменстан Республикасының Президенті Г.Бердімұхаммедовтің қатысуымен арнайы ашылған бекетте қазіргі таңда 516 тұрғын бар. Оның ішінде 1 жасқа дейінгі балалар саны 25 екен! Яғни, ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне сый ретінде «болашақтық» аналар 25 баланы өмірге әкелген!
Тұрғындар үшін табиғи газбен, ауыз сумен және электр қуатымен қамтылған 85 үй, 8 екіқабатты жатақхана, 80 орындық мектеп, 50 орындық балабақша, наубайхана мен 50 адамдық асхана, монша, емхана және екі дүкен ашылған. Бекетте темір жол желісі негізгі өндіріс болып табылады, биылғы 1 қыркүйекке дейін бекет арқылы 162 пойызға жүктелген 42,7, мың тонна жүк экспортталса, 150 пойыздық 56,8, мың тонна жүк импортталған. Болашақ бекетінде 292 теміржолшы жұмыс жасайды, оның 117-сі осы бекеттің тұрғыны болса, өзгелері Маңғыстау облысы мен еліміздің басқа өңірлерінің азаматтары. Бекетте бюджеттік сала қызметкерлерін баспанамен қамту үшін «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жобалық құны 58,212 млн теңгені құрайтын бес екі бөлмелі үй салынып жатыр.
Болашақ тұрғындары қоғамдық қабылдауларда тұрғын үй мен оны заңдастыру, ауылда дәрігерлік қызмет көрсетуді көтеру мәселелеріне қатысты сұрақты алға тартты. Пойыз дәрігерлеріне қаралуға келгендер арасында балалардың қарасы көбірек болды.
– Пойыз Астанадан шыққаннан бері қарай тоқтаған барлық бекеттерде болып келемін. Бүгінгі таңға дейін 80 баланы қарадым. Көпшілік ата-ана балаларын майтабанға және ұршық ауруына қатысты қаратады. «Болашақтан» 1-2 сағат ішінде 10 баланы қарадым. Құдайға шүкір, балалардан алаңдатарлық аурулар кезікпеді. «Болашақтық «бір балаға тілін қағып емуіне, сөйлеуіне кедергі келтіретін тіл астындағы өскінге ота жасадым, – дейді ортопед-дәрігер Әділбек Омаров.
«Болашақтағы» шара одан әрі маңғыстаулықтар ұйымдастырған «Болашағымыз – бірлікте!» атты форуммен жалғасты. Форумда Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Б.Нұрғазиева, «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының штаб жетекшісі Ә.Әлпейісов бастаған пойыз құрамындағы белгілі азаматтар, Маңғыстау облысын-
дағы аудан, қалалардың қоғамдық келісім кеңестерінің төрағалары мен этномәдени бірлестіктер өкілдері құттықтап, ел бірлігіне, тыныштығына және Қазақстанның дамуына тілектерін жаудырды. Өнерпаздар әсем әнмен әспеттеді.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы
Суретті түсірген
Талант ҚҰСАЙЫН