Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесімен мерейтойлық теңгенің өмірге келуі – заңды құбылыс.
Біріншіден, Елбасының еліміздің өркендеуіне, ел болып қалыптасуына қосқан үлесіне халықтың берген бағасы деп білемін. Өйткені, еліміздің 25 жылдық тарихында ұлттық валюта да айрықша маңызға ие. Бәріміз де 90-шы жылдарды есімізде жақсы сақтап қалдық. Ол кезде еліміздің қаржы жүйесі қандай жағдайда еді, Елбасының өзі де сол кездегі қиындықтарды жиі айтады, еске салады. Ол кезең шынымен де өте күрделі еді: экономиканың толық күйреуі, гиперинфляция, өндірістің құлдырауы, жұмыссыздық, тауарлар тапшылығы, әлеуметтік апатия – біз осының барлығын өз көзімізбен көрдік, сезіндік. Сондай қиын кезеңде егемендігін алып жеке шыққан елдің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық жоспарының негізінде 1993 жылдың қараша айында ұлттық валютамыз – теңге айналымға шықты. Президент нақты қаржылық еркіндіксіз реформалар өткізу мүмкін еместігін жақсы түсінді. Өйткені, жаңашыл, батыл реформаларсыз кез келген мемлекеттің дамуы мүмкін емес.
Қазіргі күнгі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, тұрақты тыныс-тіршілігі сол кездегі батыл жасалған реформалардың барысында нақты жолға түсті.
Қай елде болмасын жедел инновациялық дамуға, білімге негізделген экономикаға өтуге басты назар аударылады. Мұндай әлеуметтік-экономикалық дамудың негізі зияткерлік ресурстар, адам капиталы және ғылымға байланысты. Біздің еліміз болса дамушы мемлекет, дамыған елдер қатарына қосылуға ұмтылудамыз, ал оны ұзақ мерзімде дамытудың стратегиялық басымдығы ғылым мен инновация арқылы келетінін Елбасы халыққа арнаған Жолдауларында үнемі айтып келеді. Дамыған 30 елдің қатарына қосылу керектігін де әркез еске салады. Елбасы инноваторлар, яғни креативті ойлай алатын кәсіпқой экономистер даярлау қажеттігіне баса назар аударды. Өйткені, креативті ойлау инновацияны ғана емес, экономиканы жоспарлау мен болжаудың стандарттық емес, жаңа тәсілдерін қамти алады. Яғни, экономикалық бейіндегі қазіргі заманғы мамандар даярлау дүниежүзілік талаптарға, ғаламдық ғылым мен тәжірибе сұраныстарына сәйкес келеді. Жаңа білім, инновациялар мен жоғары технологиялық бизнеске негізделген экономика жағдайында ғылым мен адам капиталы басты рөл атқарады. Біз де әлемде күн сайын болатын өзгерістерден қалыспай, озық жүруге мүмкіндік беретін «креативті» экономиканы қалыптастыру үшін қызмет жасаудамыз.
Бізге керегі осы. Экономиканың айқын ұғымына жетуіміз қажет. Біздің С. Торайғыров атындағы университеттің экономика және қаржы бөлімінде студенттерге білім беру «Экономикалық бейіндегі кадрлар даярлаудың білім беру бағдарламаларының инновациялық, икемді және стандарттық емес» тәсілдері арқылы жүргізіледі. Өзім басқаратын кафедрада кәсіпқой ғалымдардың мықты командасы бар. Тіпті, тыңдаушылар ғана емес, оқытушылар да экономикаға негізделген оқу-үйрену тренингтердің пайдалы екендігін айтады. Бұл экономикалық зерттеу теориясы мен практикасын байыту деген сөз.
Отаншылдықтың жоғары деңгейі ұлттың, жастардың жоғары бәсекеге қабілеттілігінен көрініс табады.
Сингапур, Түркия, Малайзия өздерін даму, өркендеу жолына түсірген бірінші басшыларының бейнелерін төл банкноттарына шығарып құрмет көрсеткен елдер. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында Мемлекет басшысының бейнесімен мерейтойлық банкноттың шығуы да біздің халықтың Нұрсұлтан Әбішұлына деген ерекше құрметін білдіреді. Жас буынды, студенттерді елге, туған жерге патриоттық сезімде тәрбиелеуде де ол ерекше маңызға ие. Елбасының техникалық білім беретін жоғары оқу орындарында «Барлық инженерлік мамандықтар үшін техникалық бейіндегі кадрлар даярлау» бойынша талаптарын іске асыру мақсатында «Креативті кәсіпкерлік» пәні енгізілді. Экономика кафедрасының студенттері «Жас ғалым» бағдарламасына қатысады. Әр студенттік зерттеу жобасын қаржыландыру 100 мың теңгені құрайды. «Креативті» ойлаудың қажеттілігі жастарды жаңа жоғары технологиялық кәсіпорындар құруға, жұмыс берушілер ретінде көрінуге және қаржылай тәуелсіз болуға үйретеді. Экономика саласында білім алатын студенттер ғылым, білім және өндірісті терең білулері қажет.
Сәуле ҚҰНИЯЗОВА,
С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің кафедра меңгерушісі
ПАВЛОДАР