• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
29 Қараша, 2016

Ауыл шаруашылығы кооперативтері не үшін қажет?

497 рет
көрсетілді

Сонымен, фермерлерге ауыл шаруашылығы кооперативтеріне кірудің артықшылығы неде?  Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов баяндады. А.Мырзахметовтің айтуынша, еліміздің әрбір фермері ауыл шаруашылығы кооперативі арқылы мемлекеттік қолдау таба алады. Ал кооперативтерді техникалық жағынан жабдықтау «КазАгро» ҰБХ арқылы жүзеге асырылады. ЖҚШ бойынша ветеринарлық, агрохимиялық, қаржылық, және өнімді өткізу бойынша кеткен шығындары кооперативтерді субсидиялау бойынша беріледі.  «Ауыл шаруашылығы кооперативін дамытсақ,  500 мың ұсақ өндірушіні тарту және өнімдерді өткізу мен өңдеудің пәрменді жүйесін құра аламыз және шикізатпен қамтамасыз ететін кәсіпорындардың үлесі 1,3 есеге артады», – деді министр. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту барысында ауыл тұрғындарының кірісін жыл сайын 300 млрд теңгеге дейін арттыру және сауданың үстеме бағасын 15-20%-ға төмендету көзделіп отыр. Ойлап қарасак, жыл сайын 300 млрд теңге ауылдарға қосымша кіріс ретінде кіріп отырса, бұл көрсеткіш бөлінген субсидия көлемінен екі есеге артық. Сонымен қатар, кооперативтер өздерінің үлескерлеріне, яғни қосалқы шаруашылық пен ұсақ шаруа қожалықтарына ветеринарлық, агрохимиялық, техникалық қызмет көрсету және жем дайындау бойынша бірнеше қызметтер көрсете алады. Мысалы, ауыл адамдарының малы үшін шөп қажет болды делік. Оның құны жазғы уақытта 20 мың теңгеге, күзде 30 мың теңге, қыста 40 мың теңгеге дейін қымбаттайды. Ал кооператив мемлекеттің қолдауымен лизинг арқылы сатып алынған трактор, шөп шабатын машина, тіркемелерді пайдаланып, арзан бағамен шөппен қамтамасыз ете алады. Кооператив ауыл тұрғындарын бір орталықтан құрама азықпен қамтамасыз етеді. Кооперацияның тағы бір артықшылығы – агроөндірістік мақсатта және ауыл шаруашылығына қатысты емес бизнес түрлерін (монша, шаштараз және т.б) ашуға несие беру қарастырылған. Сонымен қатар, кооператив арқылы күнделікті тұтынатын несие алуға да болады. Ауыл тұрғындарына несие алу үшін банкке немесе аудан орталығы мен облыстарға барып жүрудің қажеті болмайды. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»