• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
29 Қараша, 2016

"Ақтастағы Ахико" Астанада қойылып жатыр

425 рет
көрсетілді

Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында «Ақтастағы Ахико» драмасының премьерасы басталды. Оған драмадағы бас кейіпкердің түптұлғасы Ахико ақсақал арнайы келді. Сондай-ақ премьераға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Спектакльге жапон ұлы Ахиконың қилы тағдыры арқау болған. Ол Кеңес үкіметі кезінде сталиндік қуғын-сүргінге ұшырап, 15 жасында жазықсыздан жазықсыз атақты «Қарлаг» түрмесіне түскен. Жастық шағының 10 жылын азаппен өткізіп, өлімші халде түрмеден шыққан соң ол қазақ анасының арқасында аман қалады. Осылай Қарағанды маңындағы Ақтас қаласында тұрақтап, қоныстанып қалады. Кейін Ахико өз Отанына шақырту алады, бірақ онда көп тұрақтамай, Қазақстанға қайтып оралады. Қазір Ахико ақсақал 85 жаста. 11 немере, 5 шөбере сүйіп, үлкен әулеттің басы болып отыр. Ахико Тецуроның тағдыр жолы - сталиндік зұлмат жылдарда Қазақстанға қоныс аударған, айдалып, жазықсыз сотталып лагерлерге әкелінген мыңдаған адамдардың, түрлі ұлт өкілдерінің тағдыры. Қойылымда Ахиконың тағдыры арқылы ХХ ғасырдағы ең ауыр кезеңде, азап лагерлерінде отырып, өзінің адами бейнесін сақтап қалған рухы мықты, жасампаз жандардың жиынтық бейнесі жасалған. Айта кетейік, Қазақстанның театр кеңістігінде тұңғыш рет көзі тірі саяси қуғын-сүргін құрбанының тағдыры деректі драмаға арқау болып отыр.  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Асхат Маемиров сахналаған бұл қойылым М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры ұжымының Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнаған үлкен жобасы. Басты рөлді театр актері Дулыға Ақмолда сомдайды. Сондай-ақ қойылымда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс (Ақайдың Қасені), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қыстықбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Азамат Сатыбалды (Степан) сынды танымал әртістер ойнайды.