«Отан-отбасынан басталады» дейтін қанатты сөз, шынында да өте дәл айтылған тағылым. Әр отбасы үшін оның амандығы, уайымының жоқтығы, көңілінің түгелдігі, маздаған ошағының сөнбей, береке, бірлігінің тасуы қандай маңызды болса, Отан үшін де әр отбасының ішкі қуатының мықтылығы, әлеуетінің зор, рухани жан дүниесінің тазалығы, өз шаңырағына ғана емес, маңайына жылылығын молынан төгуі аса маңызды. Өйткені, әрбір қазақстандық отбасы біздің Тәуелсіз еліміздің қымбатты бөлшегі екендігіне, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жүйелі түрде назар аударып отыратынын көпшілік жақсы біледі.
Сондықтан да, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жұмысының негізгі өзегі– еліміздегі отбасылық саясатты күшейту, халқымыздың қашаннан қанында бар, отбасылық құндылықтарды қастерлей білетін болмысындағы керемет қасиеттерінің кейде көмескіленген тұстарын қайтадан ояту, бағыттау, осы құндылықтарды сақтауға қоғамды шақыру десем қателеспеспін.
Комиссияның іс-жоспарлары мен жыл бойы атқаратын көптеген шараларының қомақты бөлігі отбасылық тәрбиені дамытуға бағытталады. Елбасы бекіткен «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының республикалық күзгі қорытындысы шығарылғанға дейін өткізілетін барлық кезеңдерінде ел ішінде үлгі болар, көзге түсер әулеттер, отбасыларға айрықша көңіл бөлінеді. Құт берекесін шаңырақтарында шалқытқан барлық әулеттер назарға алынып, олардың әрқайсысына құрмет көрсетіліп, тәрбиелік өнегесі халыққа насихатталады.
Мәңгілік ел құрудағы мемлекеттің алтын діңгегі – тамыры терең отбасы. Ол мықты болмаса, қазіргі ақпараттық технологиялар дамыған заманда, әртүрлі ағымдардың ықпалына түсу зиянды ықтималдығы жоғары болып тұрған кезде жастар тәрбиесінде отбасылық құндылықтарды сақтауды түсіндіру оңай шаруа болып тұрған жоқ. Сондықтан отбасының мықтылығын, халқымыздың дәстүрін сақтауда әрқайсымыздың жадымыздан ұлт алдындағы жауапкершілік шықпауы тиіс. Өкінішке қарай, статистика бойынша, қазір жастар құрған әрбір үш отбасының біреуі ажырасып кетеді екен. Бұл әлемде бар үрдіс болғанымен, Қазақстан халқы арасында отбасылық құндылықтар тұғырының мықты екендігіне дәлел ретінде мына бір фактілерді келтірейін. Алдағы жылдары біздің Комиссия өткізген әлеуметтік сауалнама нәтижесінде, қазақс-
тандықтарға қойылған сауалда белгіленген құндылықтар шкаласында респонденттердің 87 пайызы ең бірінші отбасының амандығы, содан кейін ғана басқа игіліктерді атады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Гүлшара Наушақызы Әбдіқалықова өткізетін Комиссия отырыстарында әрдайым отбасының қадір-қасиетін арттырар өзекті мәселелер қаралып, жауапты мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың қатысуымен қыруар жұмыстар атқарылуда.
2016 жыл – Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтой жылы – Ұлттық комиссия «25 жылдыққа – 25 пайдалы іс» жобасын жүзеге асырды. Жоспарланған шараларды, атап айтқанда: қайырымдылық акциялары, ауылдағы кәсіпкер әйелдерге, мүмкүндігі шектеулі әйелдерге көмек, жемқорлыққа қарсы, ұлттық дәстүрлерді сақтау сияқты тағы да басқа көптеген шаралар республикалық және аймақтық әйелдер комиссияларының мұрындық болуымен, жыл бойы өте тиянақты және жоғары ұйымдастырушылық деңгейде жүзеге асты.
Осы 25 пайдалы істің бірі – отбасы институтын нығайтудың басты көрсеткішінің бірі – елордада әкелер форумының өтуі. Бұрынғы дәстүрлі қазақ отбасында әке беделіне тең келер ештеңе болмайтын. Тіпті, «Әке қарғысы-оқ» деген сөз де бар. Отан, отбасы, отағасы бір-бірінен ажырағысыз ұғымдар. Осы негіздерді біртұғырлы етіп, жастар санасында қалыптастыру үшін әлі де көп еңбектенуге, халық болып ұйысуға тура келеді. Жасыратыны жоқ, қазіргі заманауи әйелдерде әкесіз де баланы өсіре аламын, адам қатарына өзім-ақ қосамын деген ой бар. Әрине, бұл жерде ерлер қауымына да атқарылар жүк жоғары. Олар дұрыс жар, жауапкершілікті әке бола білуі қажет. Осындай мәселені қоғамдық талқылауға алып шыққан комиссия 400 әкенің басын қосқан үлкен кеңес өткізді, кеңеске байтақ еліміздің барлық аймақтарынан делегаттар қатысты. Әкелерге қатысты барлық проблемалар айтылды, осы жұмысты дамытуға ынталы азаматтармен әкелер кеңесін жыл сайын өткізіп тұруға келістік. Ең бастысы, ұрпақ тәрбиесіне мүдделі тек өз отбасына ғана емес, жүрген ортасына асқар тау болып жүрген әкелерді көріп көңіліміз марқайды. Әке абыройын көтеру, әкелердің мұнымен қоса ұрпақ алдындағы жауапкершілігін арттыру арқылы сапалы, бәсекеге қабілетті жет-
кіншектерді тәрбиелеу өзекті екеніне мән берілді. Әкелер кеңесі биыл Астанада өтсе, келер жылы Қарағандыда бас қосатын болады.
Осындай шаралардың әрі қарай дамып, отбасының моральдік-психологиялық климатын қалыптастыруда мықты бір сүйеу болатыны белгілі. Негізі дәстүрлі қазақ отбасыларында әке – бел, әке – айбын, әке – қорған болса, ана – береке, ана – мейірім, ана – жылылық, ал осы екі қайнардан қанып ішкен, мейірге шөлдемей өскен, айбынды қорғанға сүйенген балаға қоғамның өзі тәрбиеші болатын. Отбасы да қоғамнан өзін бөліп қарамай, баласын жақсыға ұмтылдырып, жаманынан жирентіп өсіретін, бәленшекеңнің баласы қандай жақсы оқиды, ата-анасына қалай жаны ашып көмектеседі, содан үлгі ал деп біреудің оң ықпалын айтса, енді бірінен аулақ жүр, сол баланың жүрісі сұйық, деп абайлап, қақпайлап отыратын. Біздің бүгінгі қоғам үшін де осындай тәрбие жүйесі маңызын жоймайды. Сондықтан да қоғамның өзін-өзі реттеп отыратын тәрбиелік тетікті қалпына келтіре алсақ, біз көп ретте ұтқан болар едік және көптеген келеңсіздіктердің алдын алуға болар еді.
Отбасының құндылығы – қазақстандық қоғам үшін өте үлкен ауқымды құрайтын отбасы, әулет, ағайын мен көрші-қолаң, ауылдас араласатын дәстүрге негізделген қасиет. Осыны ұмытпай қадіріне жетсек, ұлтымыздың үні мәңгілікке жететіні кәміл.
Ләззат СҮЛЕЙМЕН,
Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық
саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары