• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Мамыр, 2017

Атырауда «Даму» қоры арқылы 381 жобаға қолдау көрсетілді

210 рет
көрсетілді

Атырау облысында 42 мың кәсіпкер тіркелген. Жұмыспен қамтуда шағын және орта бизнестің үлесі 39 пайыз, бүгінде 129 мың адам осы салада еңбек етеді. «Даму» қоры арқылы алты жылдың ішінде 381 жоба қолдауға ие болды.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясындағы жұмыстар субсидиялау негізінде жүзеге асып отыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Атырау аймақтық филиалының директоры Әлия Өтепқалиева осындай мәліметтерді баяндады.  Қаржыландырылған жобалардың ішіндегі 124-і ауылдағы бизнес нысандарына тиесілі. Ал әйел кәсіпкерлер ұсынған 181 жоба мақұлданған. Жобаларды субсидиялауда аймақ бойынша «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, ДБ «Ресей жинақ Банкі» АҚ, «Банк Центр Кредит» АҚ белсенді қатысып келеді. Пайыздық мөлшерлемені субсидиялау құралын пайдаланған танымал жобалардың ішінде бұрынғы тікұшақ зауытының орнына тұрғызылған «Baizar» ойын сауық орталығы, «GoldenBridgeCompany» ЖШС, ЖК «Жолмуханов» («SultanPalaceHotel» қонақ үй құрылысы), «Инфинити Орда» ЖШС (Фитнес орталығының құрылысы), ЖК «Нейбарт» (тігін шеберханасы) секілді нысандар бар.  Атырау облысы жас кәсіпкерлердің жобасын қолдау бойынша Астана қаласынан кейін екінші орында. «Бірыңғай бағдарлама бойынша жас кәсіпкерлердің 36 жобасы мақұлданды, – дейді Ә.Өтепқалиева. – Облыс әкімдігімен бірге құрылған «Алтын кеме» бағдарламасы өткен жылы 500 млн теңге бөлді. Қазір осы арқылы 21 жоба қаржыландырылды».  «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау шаралары жүргізілуде. «Шағын және орта кәсіпкерліктің топ – менеджментін оқыту» жобасы Астана қаласындағы Дьюк Университетімен (АҚШ) біріккен «Назарбаев Университеті» ДБҰ Жоғары мектебінің базасында оқуға мүмкіндік береді. Өткен жылы Атырау облысы бойынша аталған жоба арқылы 17 компания басшылары оқуға барды.  «Жаңа бизнесті ашуды қолдау» жобасы бойынша кәсіпкерлікті қолдау орталығының базасында 134 адам оқытылды, бес кәсіпкер мемлкеттік қолдауға ие болып өз істерін ашты. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Атырау аймақтық филиалы директорының айтуынша, «StartUp Академия» жобасы ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге өз бизнес – идеяларын жүзеге асыруға және дамытуға қолайлы жағдай туғызып отыр. Сондай-ақ, ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерді кешенді түрде қолдау мақсатында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетімен «Бизнес – коворкинг» ашуға келісім орнатып, ынтымақтастық және өзара түсінушілік меморандумына қол қойылған.  «Даму» қорында Кәсіпкерлікті қолдау орталығы бар. Өткен жылы 3331 тұлға осы орталықтың көмегін көрді. «2009 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Даму Көмек» бағдарламасы арқылы мүмкіндігі шектеулі азамат өз ісімен айналысуға қажетті құрал алады. Жыл басынан бері аталған бағдарлама аясында ЖК «Сарбалина», ЖК «Мажитов», ЖК «Нейбарт» ЖШС, «КаспийМұнайГаз» басшылары 4 мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерге демеушілік көрсетті», – дейді Ә.Өтепқалиева.  Бақытгүл БАБАШ,  «Егемен Қазақстан».  АТЫРАУ