• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 24 Мамыр, 2017

Димаштың жұлдыз достары. Лара Фабиан мен Ева Лонгория кім?

189 рет
көрсетілді

Ішкі-сыртқы тартымдылық үйлесімі мен үн тазалығы арқылы әлем сахнасына көтерілген Димаштың бүгін туған күні. Мерейлі күнге арналған құттықтаулар легі әлемнің түкпір-түкпірінен толассыз ағылып жатыр. Солардың ішінде мегажұлдыздар Лара Фабиан мен Ева Лонгория да бар. Димаштың талантына сүйсінген екеу, барша жақсылық атаулыны тілейтіндерін айтып, видео сәлемдеме жолдады. Қос жұлдыздың құттықтауын іліп әкеткен әлеуметтік желдегі жұрт гу-гу. Сонымен Лара Фабиан кім? Димашты биге шақырып жүрген Ева Лонгория ше?

Лара Фабиан 

Лара Фабиан дегенде француз тіліндегі атақты Je t’aime әнінің сыңсып жеткен мелодиясы құлағымызға келе қалатыны бар. Эстрадалық регистрдің жоғарғы ноталарында шырқай алатыны үшін Лара Фабианның дауысын сыншылар «лирикалық сопраноның эталоны» деп бағалайды.

Ол 1970 жылы Брюссельдің шетіндегі Эттербек ауданында дүниеге келді. Қызының талантын байқаған әкесі 8 жасқа толғанда пианино сатып алып береді. Ары қарай оқуын Брюссель консерваториясында жалғастырады. Лараның әкесі де өнерден қара жаяу емес еді, гитарист болған ол қызын ертіп алып, әртүрлі музыка клубтарында өнер көрсетіп жүрді. Осы тұстарда Лара «Трамплин» («Tremplin de la chanson») конкурсына қатысып, жүлделі орынға ие болды. Түнде ұйықтап, таңертең  тұрғанда әлемге әйгілі тұлға болып ояну ертегіге бергісіз шындық екен. 1988 жылы Люксембургта өткен «Evrovision-88» байқауына қатысуы әншіге бір күнде атақ пен абырой әкелді. 18 жастағы бойжеткеннің орындауындағы «Croire» әні халық арасында лезде хитке айналып, Еуропада 600 мыңнан астам экземплярмен таралып, неміс, ағылшын тілдеріне аударылды. Осыдан кейін-ақ өнері өрге жүзіп, «L’Aziza est en pleurs», «Je sais» атты альбомдарын жазып, «Pure» атты үшінші альбомын Канадада 1996 жылы жарыққа шығарды. Осыдан кейін-ақ, небір телевизиялық шоу бағдарламалардың қонағы болып, француздық беделді журналдың бас бетінде жарқырады.

Үздік вокалист және үздік жанды дауыстағы концерт бойынша Felix Awards сыйлығын (1995), жылдың поп-альбомы (1997), Felix Award сыйлығына (1998), «Үздік әртіс» атылымы бойынша Бенилюкс халықаралық музыка премиясына (2001) ие болды. Әнші өзінің фейсбук әлеуметік желісіндегі жазбаларының бірінде 2018 жылы Лара Фабиан атты халықаралық тур Солтүстік Америкада өтетіні туралы айтқан. 2017 жылы күзде шығатын «Camouflage» жинағы соңғы онжылдықтағы ағылшын тіліндегі алғашқы альбомы болмақ.

Ева Лонгория

Ал Францияның астанасында өткен Global Gift Gala қайырымдылық кешінде Димашты биге шақырып жүрген Ева Лонгория америкалық кино актриса, модель. Қазақстандық жұртшылыққа «Отчаянных домохозяек» сериялындағы Гэбриэл Солис рөлімен етене таныс болатын. Ол 1975 жылы АҚШ-тың Техас штатында дүниеге келген. Отбасындағы бес қыздың ішіндегі сүт кенжесі Ева Лонгория ғана Техас университетіне оқуға түседі. Кинезиология саласында оқып жүріп, ол бос уақытында студенттік театрда өнер көрсетеді. 1988 жылы наурызда Корпус Кристи сән конкурсында бас жүлдеге ие болып, Лос-Анджелесте өтетін таланттар шоуына жолдама алып, бағы жанады. Осыдан соң ол актерлық карьерасын шыңдау мақсатында Калифорнияда қалуды жөн көреді.

Актерлық карьерасы туралы айтатын болсақ, 2000 жылы Лонгория «Беверли Хиллз 90210» фильмінде жылт етіп көрініп қалатын тұсы бар. Келесі жылы жас актриса «The Young and the Restless» сериалында жынды Изабелланың рөлінде ойнайды. Бұл еңбегі үшін 2002 жылы American Latino Media Arts (ALMA) сыйлығына ие болады. Бұдан кейін «Отчаянные домохозяйки» (ABC Desperate Housewives) сериялындағы жаңа рөлі оны жалпыхалықтық танымалдылыққа ие етіп, келесі жылы «Teen Choice Awards» конкурсында арнайы жүлде алды. Сонымен бірге 2005 жылы 50 ең әдемі адамдар тізімінде есімі аталды. Бір ғана сериялдағы рөл сәттілікке жол ашып, «Harsh Times» (2005, Кристиан Бэйл), The Sentinel (2006, Майкл Дуглас) пен The Heartbreak Kid (2007, Бен Стиллер) фильмдеріне түсті. 2006 жылы «Үздік комедия актрисасы» номинациясы бойынша «Алтын глобус» премиясына ие болды. 2017 жылы Рикардо де Монрейльдің режиссерлігімен түсірілген lowriders драмасында басты рөлдердің бірін сомдады.

Ол кино өнерінен тыс қайырымдылықпен айналысады. Нақтырақ айтқанда, Padres Contra el Cancer ұлттық коммерциялық емес ұйымының басқарушысы. Бірнеше жылдан бері қатерлі ісік дертіне шалдыққан латынамерикалық балаларға қайырымдылық көрсетумен және өзге де халықаралық маңызы бар қайырымдылық шараларына белсене аралысып келеді.

Ая Өміртай,

«Егемен Қазақстан»