• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Парламент 25 Мамыр, 2017

Президент мәртебесіне қатысты заң жобасы мақұлданды

151 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілік етуімен өткен палатаның жалпы отырысында депутаттар Мемлекет басшысының заң шығару бастамасы тәртібінде жеке конституциялық заңдарды Конституциядағы түзетулерге сәйкес келтіруге бағытталған бірқатар маңызды заң жобаларын талқылап, мақұлдады. Олардың қатарында «Қазақстан Республикасының кейбiр Конституциялық заңдарына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Конституциялық заңның жобасы да болды.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Конституция нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толықты­ру­лар енгізу туралы» және «Қазақ­стан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне мемлекеттік би­лік тармақтары арасында өкі­лет­тіктерді қайта бөлу мәселе­лері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жоба­сы жөнінде негізгі баяндама жаса­ған Әдiлет министрi Марат Беке­таев аталған құжаттар аясында 8 Конституциялық заңға өзгеріс енгізу көзделетіндігін жеткізді. «Атап айтқанда, Олар  –  «Сай­лау туралы», «Парла­мент және оның де­пу­таттарының мәртебесi туралы», «Республикалық рефе­рен­­дум туралы», «Үкiмет туралы», «Президент туралы», «Конс­ти­туциялық кеңес туралы», «Тұң­ғыш Президент – Елбасы туралы», «Сот жүйесi мен судьялардың мәртебесi туралы» заң жобалары», – дедi М.Бекетаев.  Министрдiң баяндауын­ша, «Президент туралы» Консти­ту­циялық заңда Президенттің өкілеттіктері конституциялық түзетулерге сәйкес келтіріледі. Сондай-ақ, Президент Парламент Мәжілісімен консультациялардан кейін Премьер-Министр енгізген ұсыныс негізінде Үкімет мүшелерін қызметке тағайындау құзыреті де осы құжаттар аясында іске асырылатын болады. Сонымен қатар, Парламент депутаттары Конституцияда бекітілген тәртіппен Үкімет мү­ше­сін қызметінен босату туралы өтініш жасаған жағдайда, Пре­зидент оны қызметінен босатады. Сол себептен де, «Президент туралы» Конституциялық заңнан Президенттің мынадай заң шығару функциялары алынып тасталады: заңдық күші бар Жарлықтарды шығару, заң жобасын шұғыл деп жариялау, Үкiметке заң жоба­сын Мәжiлiске енгiзудi тапсыру және Үкімет актілерінің күшін жою. «Тұңғыш Президент – Ел­басы туралы» Конституциялық заңда Қазақстанның Тұңғыш Пре­зидентінің «Елбасы» ретіндегі атауы мен мәртебесіне қатысты тү­зе­тулер енгізілетіндігін де айта кетейік. Ал «Сайлау туралы» Конс­титуциялық заңда сайлау­шы­лар мен сайлау үдерісіне қаты­су­шылардың құқықтық сауат­тылығын арттыру мақсатында түзетулер енгізіледі. «Оған қоса, президенттікке кандидатқа қойылатын қосымша талаптарды да жетілдіре түсу көзделеді. Олар: мемлекеттік қыз­метте немесе сайланатын мем­лекеттік лауазымдарда кемінде 5 жыл тәжірибесінің болуы, міндеттерін орындауға кедергі болатын аурулардың жоқтығын растау сынды жаңашылдықтар бар. Әрине, ол үшiн кандидат ме­дициналық куәландырудан өтуi тиiс», – дедi М.Бекетаев. Ал отырыстың бірінші оқы­лы­мында мақұлданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңна­малық актілеріне оларды Конс­титуция нормаларына сәйкес кел­тіру мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының мақ­саты Конституциялық заң­дар­да регла­мент­телетін нормаларды қос­па­ғанда, заңнамалық актілерді Конс­титуцияға енгізілген түзетулерге сәйкес келтіру болып табылады. Сондықтан, аталған құжат ар­қы­лы 7 кодекс пен 46 заңға өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізіл­мек.  «Нақтылай түсетін болсақ, заңдардың нормаларын Конс­ти­ту­цияның 91-бабының 2-тармағына сәйкес келтіру үшін кодекстер мен заңдардың бірқатар нормасы «Елбасы» мәртебесін көрсету бөлігінде түзетіліп отыр. Сондай-ақ, Конституцияның 39-бабының 2-тармағына сәйкес келтіру мақ­сатында «Шетелдіктердің құқық­тық жағдайы туралы», «Қазақ­стан Республикасы Тұңғыш Пре­зи­дентінің – Елбасының Мем­ле­кеттік бейбітшілік және прог­ресс сыйлығы туралы», «Қа­зақ­­стан Республикасының ұлт­тық қауіп­сіздігі туралы», «Ха­­лық­­тың көші-қоны туралы», т.б. заңдардың нормаларында «ұлт­аралық» деген сөз «және конфес­сия­аралық» деген сөздермен то­лық­тырылады», – деді баяндамашы.  Жалпы отырыстың күн тәр­ті­біне шығарылған «Қазақстан Рес­публикасының дипломатиялық қызмет туралы» заң жобасына түзетулер дипломатиялық қыз­мет органдарының қызметін жетілдіруге бағытталады. Осы орай­да, соңғы 10 жыл ішінде елі­міз­дің дипломатиялық қарым-қаты­насы халықаралық аренада екі есеге өскендігін де айта ке­тейік. Бүгінгі күні 64 шет елде Қа­зақ­станның 92 мекемесі, соның ішінде 57 елшілік, 4 тұрақты өкіл, 3 дип­ло­матиялық миссия, 11 Бас консул және 17 консул қызмет етеді. Осы күні депутаттар «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Бұл құжат Ұлт жоспарының өңір­лік электржелілік компания­ларды ірілендіруді көздейтін 51-қа­дамына сәйкес әзірленген. Осын­дай ірілендіру процесі тұ­тыну­шыларды энергиямен қам­тама­сыз ету сенімділігін арттыруы  және электр энергиясын та­рату шы­ғынын төмендетуі тиіс. Заң жобасын қарастыру барысында депутаттар тарапынан 250-ден астам түзетулер талқыланған. Ұсы­нылған түзетулер электр энер­гетикасы саласының тұрақты және мүлтіксіз қызмет етуін қам­та­масыз етуге бағытталып отыр.  Жалпы отырыс соңында кейбір депутаттар құзырлы орындарға депутаттық сауалдарын жолдады. 

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»