• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Медицина 25 Мамыр, 2017

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының халыққа Үндеуі

580 рет
көрсетілді

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Құрметті отандастар! Баршаңызға қасиетті рамазан айының қарсаңында жыл сайынғы дәстүрлі үндеуімді жолдаймын! Өздеріңізге белгілі, еліміздің Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы отандастарымыз айтып келмейтін табиғи су тасқынынан едәуір зардап шекті. Қаншама бауыр­лары­мыздың үйі су астында қалып, материалдық шығынға ұшырады. Осыған орай, жомарт жандар мен қайырымды кәсіпкерлер табиғи апаттан үй-күйсіз шарасыз қалған тұрғындарға қолдау көрсетіп, көмегін аямауда.  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да жанашыр жамағаттың демеушілігімен «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында киім-кешек, азық-түлік, тұрмысқа қажетті бұйымдар жеткізді. Кәсіпкер азаматтарды осы бағыттағы қайырымдылық жұмыстарға белсене атсалысуға шақырамын. 

Қадірлі бауырлар! Асыл дініміз Исламда «садақа жа­рия» деген қасиетті ұғым бар. Қоғамның, халықтың игілігі үшін жасалған сауапты істерді, атап айтқанда, мешіт-медресе, аурухана, балабақша, спорт кешендерін тұрғызу, көше, көпір салу, ауызсуы жоқ ауыл­дарға су тартып, құдық қаздырту, т.б игі амалдарды «са­дақа жария» деп атаймыз. Міне, бұл ізгі іс-шаралар халықтың игілігі үшін жасалған са­уап­ты амалдар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы облыстарда «Қайырымдылық мекемесін» ашып, жергілікті жас буынға діни һәм зайырлы білім беріп, имандылыққа тәрбиелеумен қатар, тұрмысы төмен отбасыларына әлеуметтік көмек көрсетуде.  Меценаттар мен кәсіпкер азаматтарды жалпы жұртшылыққа қажетті нысандарды тұрғызу жұмысына белсене араласып, жанашырлық танытуға шақырамын. Өйткені, рамазан – қайырымды жандар үшін мол мүмкіндіктер маусымы. Оразада жасалған әрбір қайырлы іс – үлкен сауап. Бірде пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі: «Уа, Алланың Елшісі, ең жақсы адам кім?» – деп сұрағанда, ол: «Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген пенде», – деп жауап берген екен.  Жуырда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі бай-дәулетті азаматтарды жағ­дайы төмен тұрғындарға көмек көрсетуге үндеді. Мемлекет бас­шысының бұл бастамасына үн қосу баршамыздың азаматтық борышымызға айналуы қажет деп есептеймін.   

Құрметті  қазақстандықтар! Қоғамда кісі ақысын жеу, баланы аяусыз ұру, педофилизм, нәрестені далаға тастау, өз-өзіне қол жұмсау, ажырасу, кейбір азаматтар арасындағы қаты­гездік жағдайлар, арақ-ша­рапқа тәуелділік, отбасындағы келіс­пеушілік, террорлық оқи­ғалар сынды жалпы адам­гер­шілік құндылықтарға жат әре­кеттер көрініс табуда. Пен­дені рухани тұрғыдан аздырып, елдің тыныштығын бұзып, қор­шаған орта мен бүкіл қоғам­ның тұтастығына үлкен зиянын тигізетін мұндай жаман әре­кеттерге жұрт болып жұмы­лып қарсы күресуіміз керек. Бү­гінгідей бірлігіміздің арқасында мұндай жағымсыз, жаман оқи­ға­лардың жолын кесе аламыз.

Ардақты ағайын! Рамазан – мол сауап жинайтын қасиетті ай. Адам баласы ізгі амалы арқылы Жаратушының рақымына, нығметіне кенеледі. Жомарт, жанашыр азаматтарды, кәсіпкерлерді көмекке мұқтаж адамдарға қамқорлық көрсетуге, табиғи апат салдарынан бұзылған үйлерді жөндеуге, жетім мен жесірге мейірімділік танытып, қараусыз қалған қарттарға көңіл бөлуге шақырамын. Зекет беру – жағдайы келген (шариғат бойынша нисап мөл­шеріне жеткен) мұсылманға парыз. Ал зекет берекелі рамазан айын­да берілсе, оның да сауабы еселеніп жазылады.   Қасиетті айдың құрметі үшін азық-түлік, көкөніс пен тұр­мыс­тық заттарға жеңілдік жаса­лып, Құдайы астар мен са­да­қалар ауызашар уақы­тында ұйымдастырылса, тойлар ішімдіксіз өткізілсе, жаман­дық­тың бастауы болған арақ-ша­раптың сатылуына барынша жол берілмесе деген тілегімді біл­діремін. Осынау жақсы амалдар рамазаннан кейінгі айларда да жалғасын тапса нұр үстіне нұр. Он екі айдың сұлтаны болған қасиетті рамазанда жасаған амалдарымыз бен ізгі ниеттерімізді Алла тағала қабыл еткей! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіз еліміздің болашағы жарқын, әрбір игі бастамаларымыз баянды болғай! Әумин!