Қазақстан Қарулы Күштерінің ширек ғасырлық шежіресінде оның қалыптасу кезеңінің бастауында тұрған – бірінші Халық Қаһарманы, Кеңестер Одағының Батыры, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің жанқиярлық еңбегінің үлесі өлшеусіз. Марқұм Сағадат Нұрмағамбетов өмірінің соңғы кезеңінде (2013 жылдың басында) әскери журналист Сапарғали Жағыпаровқа қазіргі таңда өңірдегі қуатты да іргелі әскердің бірінен саналатын Қазақстан Қарулы Күштерін құру барысындағы қиындықтарды тілге тиек еткен екен. Бүгін біз тарихи тұлғаның дәуір шындығын боямасыз баяндаған сол салиқалы әңгімесін оқырман назарына ұсынамыз.
– Жылдар керуені тоқтаусыз жылжиды, ұрпақтар алмасады – бұл өмір заңдылығы. Дей тұрсақ та, бүгінде жауынгерлік сапта жүрген жастардың және болашақ ел қорғау сақшыларының қазақстандық армияны құру кезеңінде қандай ахуал қалыптасқанын, осы бір сындарлы жолда қандай қиындықтар болғанын білгісі келеді. – Қазақстан Қарулы Күштері, Қорғаныс министрлігі бірден оп-оңай өмірге келе қалған жоқ, Қазақстан тәуелсіздік алған тарихи кезеңде – біздің тарихымыздың сындарлы белесінде үлкен жауап- кершілікпен құрылды. «Егеменді Қазақстанның алғашқы қалыптасу кезеңінен бастап ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мемлекеттің бірінші басымдығы болып табылады. Оның маңызды құрамдас бөлігі әскери қауіп- сіздік болса, өз кезегінде оны Қарулы Күштердің құрылуы мен қалыптасуынсыз елестету мүмкін емес», – деп атап көрсетті Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл міндетті шешудің алғашқы қадамы егеменді мемлекет үшін еліміздің мемлекеттігінің тәуелсіздігі туралы Конституциялық Заң қабылдау болды. Онда «Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігін және территориялық біртұтастығын қорғау мақсатында жеке Қарулы Күштерін құруға құқығы бар», – деп атап көрсетілген. Кешегі Кеңестер Одағының құрамынан шыққан барлық жаңа тәуелсіз мемлекеттер де бұл кезеңде өздерінің жеке әскерлерін құруға кіріскен болатын. Қазақстан тарихтың осы бір өліара кезеңінде бұл мәселеге өте жауапкершілікпен қарады. Өзінің әскери саясатын белгілеуде еліміз орнықты да байсалды көзқарас ұстанды. Елбасының басшылығымен біздің еліміз бірыңғай қорғаныс кеңістігін сақтау және ТМД-ның Біріккен Қарулы күштерін құру жөніндегі идеяны қолдады. Бұл өз кезегінде Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін сенімді қорғауға, сонымен бірге, бұрынғы бауырлас республикалардың ұжымдық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазақстан басшылығының осындай парасатты көзқарасы әскерилер арасында ғана емес, сонымен бірге, қалың бұқараның қызу қолдауына ие болды. Сол бір шешуші мәселелер басымдық алған тарихи күндерде бұл зор жауапкершілік міндетті Қазақстанның Азаматтық қорғаныс штабы мен әскери комиссариатының базасында құрылған Мемлекеттік қорғаныс комитеті (МҚК) абыроймен жүзеге асырды. Бұл ретте айта кететін бір мәселе, МҚК идеясын құруда қорғаныс одағының іргесін шайқалтып, бірыңғай қорғаныс кеңістігін жоюға бағытталған үрдістер мен шараларды тоқтатуға күш салынды. Мен МҚК-ның төрағасы ретінде ТМД елдерінде болып жатқан оқиғаларды саралай келіп және алдағы болатын өзгерістерге алдын ала болжау жасап, 1992 жылғы қаңтар айының басында республикамыздың басшылығына жоғарыда айтылған мәселелерге байланысты кеңейтілген анықтама бердім. Осыдан кейін Мемлекет басшысы Қорғаныс кеңесінің кезекті отырысында Минск қаласында өткен кездесуде ТМД мемлекеттерінің көптеген басшылары арасында болған келісімге байланысты әскери мәселелер бойынша Тұжырымдама қабылдауға тапсырма берді. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының аумағындағы әскери бөлімшелердің, әскери техникалардың, қарулардың, мүліктердің және ғылыми техникалық қару-жарақ полигондарының, әскери зауыттардағы өндірістік жабдықтардың инвентаризациясын жүргізу туралы шешім қабылданды. Міне, осы бір ұшан-теңіз жұмыс сол кезеңде аз ғана құрамда жұмыс істеген Мемлекеттік қорғаныс комитетінің мойнына жүктелді. Жағдай өте жылдам өзгеріп жатқан бұл кезеңнің жауапкершілігі де аса жоғары болатын. Уақыт та шектеулі еді. Ал сол бір шақта біздің республикамыздың аумағында әртүрлі әскери құрамаларға жататын ірі-ірі әскери бөлімшелер орналасқан болатын. Атап айтқанда, бірінші разрядты әскери округтің бөлімшелері және әскери құрамалары, стратегиялық күш – Жер шарының кез келген нүктесіне ұшу аппараттарын жедел жеткізетін заманауи стратегиялық ракеталарының екі дивизиясы, стратегиялық бомбардировщиктер дивизиясы, ғарыштық орталыққа бағынатын әскер, барлау бөлімшелері, әскери құрылыс отрядтары және басқа да құрамдар жұмыс істеп тұрған еді. Сонымен бірге, еліміздің аумағында әртүрлі сынақ орталықтары мен полигондары да баршылық. Жалпы алғанда, Қазақстан Республикасының аумағында сол бір кезеңде 200 мыңнан астам әскерилер жұмыс істейтін еді. Қорыта айтқанда, сол бір кезеңде біздің еліміздің аумағы өте қауіпті аймақ болып табылды. Стратегиялық ракеталармен жұмыс барысында қандай да бір байқаусызда жіберілген ағаттық Чернобыль атом электр стансасында болған апаттан да зор залалға соқтыруы әбден мүмкін еді. Жас егемен еліміз басшылығының жүргізген сара саясатының арқасында біз еліміздің әскери құрылысы Тұжырымының жобасын ғана жасап қойған жоқпыз, сонымен бірге, Қазақстан территориясында орналасқан қымбат бағалы жабдықтар мен мүліктердің ешбір тоқтаусыз көшірілуіне де мүмкіндік жасадық. – Осы ахуалдан анық байқалып отырғандай сол кезеңде жеке армиясын құру туралы толық шешім қабылдау мемлекетіміздің басшылығына да оңай болмаған сияқты ғой? – Дәл солай, алда тұрған міндет ауқымды да жауапты еді. Бірінші кезекте ол Қарулы Күштердің Жоғары Бас қолбасшысы үшін жауапкершілігі зор жаңа міндет еді. Сол күнге дейін біздің елімізде әскери құрылыс тәжірибесі жоқ болатын. Сондықтан біздің еліміздің Қарулы Күштерінің құрылуы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты. Елбасының тікелей басшылығы мен зор ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында сол кездегі қалыптасқан күрделі жағдайларға қарамастан жеке армиямызды құру үшін жан-жақты мүмкіндіктер жасалды. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін, территориялық біртұтастығын және болашақ дамуын қорғайтын жеке Қарулы Күштерін құру Елбасының көрегендігі мен сара саясатының арқасында ойдағыдай жүзеге асырылды. Жеке әскер құру мәселесі салиқалы көзқарас пен парасатты білгірлікті қажет ететін еді. Сол кездегі қалыптасқан жағдайдың өзі: «Қандай армия қажет? Оның болашағы қандай болмақ? Ұйым- дастырушылық құрылымы қандай болуға тиіс? Қажетті кәсіби әскери кадрларды қайдан алу керек? Біздің стратегиялық одақтарымыз кім? Ядролық қару-жарақпен жабдықталған стратегиялық күшті қайту керек?». Сонымен бірге, еліміздің аумағында орналасқан әскери бөлім- шелердің Қазақстан юрисдикциясына берілуіне байланысты қару-жарақты әскери техникаларды материалдық жабдықтарды сақтауды қалай қамтамасыз ету керектігі туралы міндет өткір күн тәртібіне қойылды. Стратегиялық бағыттағы әскери күштер өте баса назар аударуды қажет етті. Сонымен бірге, нақ сол тұста әскери бөлімшелердің жауынгерлік дайындығын әлсіретуге де болмайтын еді. Одақтың ыдырауына байланысты орталықтандырылған қамтамасыз ету жүйесінің жойылуы- на байланысты әскерді қаржыландыруды, материалдық техникалық және медициналық жағынан жабдықтауды қайтадан ұйымдастыруға тура келді. Міне, нақ осындай күрделі де шешуші кезеңде Мемлекет басшысы өзінің жұмысбастылығына қарамастан әскери бөлімшелердің жағдайымен жүйелі танысумен қатар, Қорғаныс министрлігінің басшылығымен бірге бірнеше рет шалғайда орналасқан гарнизондарды аралап, офицерлермен, сержанттармен, солдаттармен және әскери қызметкерлердің отбасыларымен, тұрғындармен жиі кездесулер өткізіп, жан-жақты түсінік жұмыстарын жүргізетін. Сонымен бірге, әскери бөлімшелерде ұйымдастырылатын оқу-жаттығу ойындарымен танысатын. Еліміздің Қарулы Күштерінің қалыптасу кезеңіндегі бай тарихи оқиғаларды санада жаңғырта отырып, мен 1992 жылдың 8 желтоқсан күнін ерекше еске аламын. Бұл біздің тәуелсіз әскеріміздің қалыптасу шежіресіндегі аса бір маңызды сәт еді. Дәл сол күні өткен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері басшылығының жиынында Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет Қарулы Күштердің Жоғары Бас қолбасшысы ретінде бірінші рет сөз сөйлеп, тәуелсіз еліміздің тәуел- сіз армиясының даму бағдарламасын нақты және толымды түрде айқындап берген еді. Елбасының осы тарихи сөзінде еліміздің Қарулы Күштерінің саны жағынан ықшам, ұшқыр, жан-жақты дайындықтан өткен білікті және бүгінгі заманның талаптарына толық жауап беретін сипаттамасы айқындалған болатын. – Өзіңізге белгілі, сол бір сындарлы күндерде әскери кадрлар мәселесі де өткір болатын. Бұл мәселе қалай шешілді? – Қорғаныс министрлігінің басшылығы үшін бұл мәселе бойынша өте шұғыл шешімдер қабылдауға тура келді. Себебі, сол кезеңде полктарға, батальондарға басшылық жасайтын командирлер болмады. Қазақстандық Қарулы Күштердің қалыптасу кезеңінде біз бұл кадр мәселесіндегі келеңсіздіктерді жойдық. Алматыдағы Жалпы әскери жоғары командалық училищеде 4 мамандық бойынша офицерлер дайындауға кірістік. Өте қысқа мерзімде қажетті оқу-материалдық база қалыптастырылып, 11 әскери мамандық бойынша курсанттарды оқыта бастадық. Ақтөбедегі Азаматтық авиация институтының базасында тәуелсіз Қазақстанның әскери ұшқыштарын дайындауға кірістік. Уақыт өте келе елімізде жоғары білікті әскери мамандар даярлайтын бірқатар іргелі оқу орындары қалыптасты. Бүгінде Құрлықтағы әскердің әскери институты, Әуе қорғаныс күштерінің әскери институты, Байланыс және радиоэлектроника әскери институты сияқты іргелі оқу орындары әскеріміз үшін жоғары білімді кадрлар даярлауда. Әскери институттармен бірге қазір елімізде Ұлттық қорғаныс университеті, Ш.Уәлиханов атындағы кадет корпусы жұмыс істейді. Өзіміздің Қарулы Күштерімізді құрудың алғашқы күндерінде біз әскери бөлімшелердегі жетіспейтін кіші офицерлер құрамын 3 айдан 9 ай мерзімге дейін оқытатын кіші лейтенанттар даярлайтын курстардың түлектерімен толтырдық. Мұндай курстар Ұлы Отан соғысының отты жылдарында жұмыс істеп, өзінің тиісті нәтижесін бергендігі белгілі. Сонымен бірге, бұл әдіс өткен ғасырдың 60-шы жылдарында Кеңестер Одағының Қорғаныс Күштерін кадрлармен толықтыру кезеңінде де тиісті жемісін берген болатын. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі тарихтағы осы тәжірибелерден сабақ ала отырып, бұл қысқа мерзімді курстарға кандидаттар іріктеу мәселесіне аса ыждағаттылықпен қарады. Қысқа мерзімді курстарға әскер қатарында тәжірибе жинаған прапорщиктер мен сержанттарды арнайы жолдамамен жіберіп отырды. Олар жауынгерлік сапта алған тәжірибелерін теориямен ұштастыра отырып, жоғары біліктілікке қол жеткізді. Міне, шұғыл қолға алынған осындай қадамдардың нәтижесінде әскери бөлімшелерді қажетті жас кадрлармен қамтамасыз етуге жағдай жасалды. Тағы бір ерекше айта кететін мәселе, жеке Қарулы Күштерімізді құрудың алғашқы кезеңінде мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің нормативтік-құқықтық базасының негізін қалауға басымдық берілді. Алғашқы кезеңде әскери құрылысты қалыптастырудың бағытын анықтауда, әскери саясаттың негізгі мазмұнын айқындауда 1993 жылы қабылданған Әскери доктрина негізге алынды. Егеменді мемлекеттің алғашқы қалыптасу кезеңіндегі әскери құрылыста, әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етуде басқа да заңдылық және нормативтік актілермен бірге ол өте шешуші рөл атқарды. – Армияның қалыптасуы бір орында тұрмайтындығы, оның даму, жаңғыру үрдістері жалғасатындығы, жаңа кадрлармен толығатындығы белгілі. Осыған байланысты Қарулы Күштердің бүгінгі жағдайы хақында қысқаша айтып өтсеңіз? – Осы ретте ерекше атап көрсететін бір мәселе, біздің еліміз тарихи қысқа мерзімнің ішінде экономикалық даму үшін қарқынды бағыт алып қана қойған жоқ, сонымен бірге, өңірдегі барынша тұрақты және ең қауіпсіз мемлекетке айналды. Бұл тұрақтылық алғашқы күннен бастап басты тұлға – Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төңірегінде топтасқан берік мемлекеттік биліктің арқасында жүзеге асып келеді. Мемлекет басшысы қабылдаған осы бір нақты және өмір сынағынан өткен сындарлы саясат экономикалық және сая- си тұрақтылықты қамтамасыз етуде бүгінгі күні де жұмыс істеп тұр және жұмыс істей бермек. Президентіміздің «Қазақстан-2050» Стратегиялық Жолдауы әрбір қазақстандық үшін әсіресе жастар үшін және жалпы еліміз үшін тұрақтылықтың, ұлтаралық келісімнің әлеуметтік қорғаудың және алға дамудың кепілі болып табылады. Оған ешқандай да күмән болмаса керек. Сонымен бірге, бүгінде Қазақстан әлемдегі ең жоғары халықаралық беделге ие болып отыр. Біздің еліміздің әлемдегі ең беделді ұйым – ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі оның айқын дәлелі болып табылады. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы әлемдегі барлық халықтардың қауіпсіздігі мен гүлденуіне бағытталған. Біз бейбітшіліктің қадірін барынша бағалаймыз, себебі ол сонау бір Ұлы Отан соғысының сұрапыл күндерінде шыныққан. Не айтатыны бар, өңірлердегі ахуалдарды ушықтыратын факторлар бүгінде де орын алуда. Өмір бір орында тұрмайды. Әлемдегі ахуал оның ішінде әскери-саяси ахуал өзгеруде. Осыған байланысты ұлттық қауіпсіздік саласындағы стратегиялық міндеттер де өзгеріске ұшырап отырады. Соған байланысты қарулы күрестің тәсілдері де түбегейлі өзгерістерге ұшырайды. Осындай жағдайда Қазақстан өзінің әскери ұйымдарын жаңа жағдайларға бейім- дейді, бұл өз кезегінде жаңа Әскери доктринаны қабылдауды талап етті. Бүгінде Қазақстан әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып, әлемдік стандарттарға сай жинақы, ұшқыр, білікті армия қалыптастыруда жүйелі жұмыс жүргізуде. Сол үшін Қорғаныс министрлігі ең үздік әлемдік стандарттарға сәйкес әскери жобалау және басқару жүйесін жаңғырту бойынша жан-жақты жұмыстар жүргізіп келеді. Осыған байланысты, әскердің жауынгерлік дайындығына, оның сапасына, қару-жарақ пен техниканың жауынгерлік және техникалық мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдалануға басымдық беріледі.
Бетті әзірлеген Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»