Жұртшылықтың санасын сілкінтті, қауырт қимылдарға жол ашты. Дереу елшіл жандар жұмыла халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын құрып, жас тілші, тарихшы, әдебиетші жігіттер өз ұйымын – беймемлекеттік, бейүкіметтік халықаралық түркітану орталығын ресми түрде тіркеп алды. Ұзақ жылдар бойы тыйым салынған, рұқсат берілмеген маңызы орасан зор ұлттық мүдде, алаш тарихы, төл мәдениет секілді ұлттық рух тұғырына қатысты іргелі мәселелер де жан-жақтан көтеріле бастады. Осы орайда көкейде тұрған ең басты талап Қазақстанда дербес, кешенді ғылыми орданы – Шығыстану институтын ашу еді. Бұл идеяны Мәскеуде жиырмасыншы жылдары атышулы КСРО Ғылым академиясы Шығыстану институтын қазақтың біртуар ұлы Санжар Асфандьяров басқарып отырған кезде алғаш болып көтерген Сәкен Сейфуллин болатын. Оның 1922 жылдың қазан-қараша айларында еліміздің Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағалығына тағайындалғаннан кейін бірден бірінші қолына алған ісі және 1922 жылғы 6 желтоқсанда шығарған ресми Үкімет қаулысы – ғылыми қауымдастықтар және ғылыми мекемелер туралы еді... Одан кейін бұл талапты өз кезінде Мұқаң да (Мұхтар Әуезов), Қ.И.Сәтбаев та неше дүркін Мәскеу алдына мәселе етіп қойған-ды. Көрші Өзбекстан мен Тәжікстан, Әзербайжан мен Грузия, КСРО-ның басқа көптеген республикаларында аталған ғылыми ұйымдар баяғыда-ақ ашылса да, бізге келгенде жоғары жақ жұмған аузын ашпады. Келесі бастамаларымыз – бірінші талапқа тікелей байланысты: төл, көне, байырғы тарихымыз бен мәдениетімізді зерттеу еді. Атап айтсақ, Қожа Ахмет Ясауидің тұлғасына, рөліне, іліміне бағытталған алқалы ғылыми басқосу өткізу. Қазір мұны айту оңай. Ол тұста ұлы бабамыздың кесенесі қойма ретінде пайдаланылып, жалпы діни мәселелердің бәрі ресми саясатқа кереғар, зиянды нәрселер болып есептелген еді ғой. Екінші іс те одан асып түспесе, кем емес – қауіпті сала, қазаққа бұйырмай келе жатқан тұтас гуманитарлық бағыт үшін ең іргелі болып саналатын көне түркі ескерткіштерін зерттеу тақырыбы. Ондаған монография авторы, танымал ғалым Ғұбайдолла Айдаров ағамыз өзінің осы тақырыпқа арналған бүкіл еңбегін жұмыстан бос уақытта, түн ұйқысы есебінен, сенбі-жексенбі күндері және еңбек демалысы уақытында жазғаны көз алдымызда болатын. Кремль мұндай тақырыптарды Тіл білімі институтының ресми жоспарына кіргізуге қатаң тыйым салып келген еді. Алпысыншы жылдардың екінші жартысында кеңес идеологиясының қылышынан қан тамып тұрған кезде профессор Бейсенбай Кенжебаевтың жетекшілігімен Мырзатай Жолдасбековтің осы келелі тақырыпқа арнап диссертация қорғағаны үшін жұмыстан босатылып, қудаланғаны да ұмытылмаған-тын... Октябрь революциясынан кейін ғана адам қатарына қосыла бастадық деп жүрген жұрттың тарихын бірер мың жылдық тереңдікке апарып тіреген ғалым КСРО биігінде мықтап орныққан саяси-идеологиялық жүйенің көбесін сөгіп, құрсауын бұзды. Бұл үшін ғалым ғана емес, еліміздің министрі, Ғылым академиясы президентінен бастап, республика тізгінін ұстап отырған бірқатар лауазымды адамдардың да сөгіс алғанын ұзынқұлақ зиялы қауымға естірткен еді... Дегенмен, көз қорқақ, қол батыр. Алдан шыққан кедергілерге қарамастан, жастарға тән батылдық пен шабыттан қуат алып, қызу іске кірістік. Сол тұста Ғылым академиясының Қоғамдық ғылымдар бөлімшесін басқарып жүрген академик Рамазан Сүлейменов те өз қамқорлығын аямады. Қысқасы, Мәскеуге тиісті ұсыныстар белгіленген тәртіпке сәйкес (институттың, бөлімшенің, академия президиумының қолдау хаттары тіркеліп) жолданды. Бірнеше айдан соң, келесі жылдың көктем уақытына таяу Мәскеуден жедел үкіметтік телефонограмма түсті. Үзілді-кесілді тыйым. Әрі рұқсат жоқ, әрі қаржыландыру мүлде болмайтын болды... Институт және жалпы академия жетекшілері бағынуға мәжбүр. Бағымызға дәл сол тұста Мырзатай ағамыз жаңа ғана Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары болып тағайындалған еді. Көмекшісі – жас ғалым, әріптес-дос Қырымбек Көшербаев. Көп ұзамай Қырымбектің қабылдауына барып, жағдайды түсіндіріп, тиісті қағаздарымызды тапсырып кеттік. Ертеңінде-ақ хабар жетті: «Осындай уақытта үлкен кісі сіздерді күтеді. 5 минут уақыттарыңыз бар». Тағатымыз қалмай жедел жеттік. Ойымызды дәлелдеп, ұсыныстарымыздың көкейкестілігін сипаттау үшін өзімізше даярланғандай болдық... Алайда, Мырзекеңнің кабинетіне кірген сәттен-ақ бір жылылық пен ағалық қамқорлықтың аясына еніп кеткендей, аузымызды ашып та үлгермедік... Бірден тұңғиық терең ойлы, парасатты тұжырымды, салиқалы әңгіме арнасына қосыла кеттік. Мырзатай ағамызға ештеңені түсіндірудің қажеті де болмады, керісінше, бізге былай деп ескертті: – Әзірет Сұлтан бабамызға да, көне түркі ескерткіштер тақырыбына да бет бұрар уақыт жетті. Ең іргелі, ауадай қажет, өте маңызды бастама. Мен осы екі шараны да Үкімет атынан ресми түрде қолдадым, екеуіне де өзім барып қатысамын. Не істесе, оны істесін! Екінші рет жұмыстан шығарып жібермес, қашанғы ата-бабаларымыздың аруағына тәу етпей, сиынбай жүреміз! Кірісіңдер мықтап, мен қолдаймын. Қазір ғана мұны еске алу оңай. Әділін айтсақ, бұл ең жоғары, қатаң саяси билікке ашық наразылық білдірумен пара-пар ерлік іс еді. Қанаттанып шыққан біздер бұл іске білек сыбана кірістік. Қазынадан қаржы болмаған соң, елден, достар-туыстардан жинап, Түркістан мен Алматыда екі алқалы жиынды ойдағыдай өткіздік. Бұрын-соңды болмаған жағдай, екеуіне де қонақтарымыз Түркиядан, Франциядан, Германиядан, Польшадан, Тунистен, Мысырдан, АҚШ-тан, Ресейден, Қытайдан, Орталық Азия елдерінен, Италиядан және т.б. шет мемлекеттерден келіп қатысты. Мырзатай Жолдасбеков екі жиынның екеуіне де бас баяндамашы ретінде қатысып, ғалымдарға кітабын табыс етті. Бізді де құтқарған осы болды. Өйткені, КСРО-ның ата жауы саналатын Түркиямен ол кезде байланысқа шығудың өзі қылмыспен тең шектен тыс өрескел әрекет еді. Аталған басқосуларға атақты түрік ғалымдары Ахмет Бижан Ержыласұн, Осман Фикри Сертқая, Сайым Сақаоғлұ, Түнжер Гүленсой, Кемал Ерасландар қатысты. Бәрі бірауыздан: «бізде қазір елжанды жақсы мәдениет министріміз бар, сондықтан конференцияларымыздың қарарына «екі елдің мәдениет министрлері кездессін» деген ұсынысты кіргізейік» деген өтініштерін айтумен болды. Біз мақұлдадық. Дереу, бір-екі апта ішінде Түркиядан Қазақстанға олардың мәдениет министрі Намық Кемал Зейбек мырза жетіп келсін. Маңызды жайт – Мәскеумен келісімсіз, Мәскеудің рұхсатынсыз. Бұл КСРО тарамай тұрған тұста еш ақылға сыяр қылық емес. Қатаң мемлекетаралық рәсімдерге қайшы тірлік... Алайда, Үкімет тізгінінің бір ұшын ұстап отырған Мырзекең дәл осыны көп күткен сыңайлы, кез келген оққа қасқайып төтеп берген батырдай, қыңқ етпестен, екі министрдің қол алысып, шарттасуын өз қолына алды. Енді қонақ министрдің өтінішін де ескеріп, екіжақты келісімге «екі елдің басшылары – президенттері» кездессін деген бап кірді. Бұл 1990 жылдың аяғы еді. Көп уақыт өтпей – айналдырған екі-үш айдан кейін – КСРО-ның билік басына жай түскендей тосын жағдай болды. Түркияның президенті Тұрғыт Өзал сапармен КСРО құрамындағы Қазақстанға келді. Және жай келген жоқ. Жыл басында ғана КСРО құрамындағы Қазақ елінде бұрын болмаған жаңа жоғары лауазым тағайындалған. Ол Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Президенті деп аталатын. Өзал сол Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қонағы ретінде келіпті. Шұғыл екі елдің ең жоғары деңгейінде екіжақты келісімшарттар жасалады. Олардың ішіне нақты тапсырма енгізіледі: үкімет басшылары мен үкімет мүшелері, барша орталық ұйымдар жетекшілері де шұғыл келісімшарттарын түзсін деген. Өзал қайтқан соң екі елдің Премьер-министрлері, министрлері, комитет басшылары, ірі ұлттық компаниялар директорлары – бәрі өзара екіжақты келісімдеріне қол қойып, шетелге сапарларға шығып немесе түрік әріптестерін елге келтіріп, қысқасы, қос түркі мемлекеті араласып-құраласып, мәдени, ғылыми, білім-беру, экономика, ауылшаруашылық, денсаулық сақтау, қаржы, энергетика және т.б. көптеген сала бойынша біте қайнаса, қол ұстаса, құшақ жая ортақ іске жұмыла бастайды... Қазір, басқасын былай қойғанда, уақыт өте, осындай қысқа мерзімде осыншалық алып серпіліс жасауды ақыл таразысына салып, жан-жақты ойластырып көрсек, жанын шүберекке түйіп, көзсіз батырлық танытқан ең алғашқы Мырзекең еңбегін ерекше атаған жөн. Мемлекеттік саясатты күрт өзгертуге және де жай ғана өзгерту емес, былайша айтқанда, 180 градусқа, басқа тың жаққа бұруға, ең біріншіден, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерлігі мен көрегендігі кепіл болғаны аян. Сондай-ақ, тағы да қайталап айтамыз, ел Президентіне осы қыруар дайындықты, орасан зор істерді ұйымдастыра басқарып, қадағалап, іске асырылуын қамтамасыз еткен бір адам болды. Ол – жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын – Мырзатай Жолдасбеков екені ұлт тарихында алтын әріптермен таңбаланары хақ. Осылайша, ешкім күтпеген жерден, кенет Түркиямен байланыстар мәселесі бойынша бауыр елге ежелден бізге қарағанда, тілдік және әдет-ғұрыптық тұрғысынан әлдеқайда жақын туысқан Әзербайжан, Түрікменстаннан және басқа КСРО түркі республикаларынан Қазақстан суырылып оқ бойы алға шықты. Өзалдың келуі Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің құрылуына да, Әзірет Сұлтан бабамыздың кесенесін қалпына келтіру жұмыстарын қолға алуға да, астанада бес жұлдызды қонақ үйдің бой көтеруіне де, ондаған жаңа өндірістерді ашуға да, мыңдаған жас жеткіншектердің шетелде білім алуларына да жол ашып бергені белгілі. Желтоқсанда жарқ етіп қылаң берген жалын лап етіп қайта жанғандай болды. Бұл КСРО табытына қағылған екінші шеге іспеттес еді. Көп ұзамай сол 1991 жылдың аяғында тәуелсіздігіміз паш етілді. Бірден, 1992 жылдан бастап басқа да кезек күттірмейтін шаруалар дереу қолға алынды. Осы жолдар авторының басқаруымен басында Шығыстану орталығы құрылып, одан кейін дербес институт ашылды. Бұған да тікелей Мырзекеңнің көп көмегі тиді. Отандық жас ғалымдар қытай мен араб, парсы мен түрік, үнді мен корей, жапон мен моңғол, АҚШ пен Еуропалық Одақ ғылыми қорлары мұрағаттарынан сусындау мүмкіншілігіне ие болды. Шәкәрім айтқандай, Абай арманы орындалды. Жас Шәкәрімге ұлы ұстазы кезінде қазақтың тарихын жан-жақты зерттеуді тапсырғаны белгілі. Заманның қиындығы мен тарлығына қарамастан, жас шәкірт Абайдың тапсырмасын жерге тастамай Түркияға бірінші рет барып қайтқанын былайша еске алған: «Ыстамбұлда тарих қорларын сақтайтын орындарда болып… тарих ақтардым. Ертедегі Шығыс ақын-жазушы, ойшылдарының шығармаларын түгелдей алдым. Гомерден бастап грек халқының ойшыл-философтарының шығармаларын, Батыс философтарының шығармаларын, ертедегі түрік ғалымдарының жазған шығармаларын, әр елдің лұғаттарын, Америка жазушыларының шығармаларын алдым. Демек, менің бұл сапарым көкірек көзімді ашып, аңсаған арманыма қолым жеткен сапарым болды! Бұ да Абайдың маған ақыл-кеңесінің жемісі…». Мінеки, осылайша ұзына тарихымызға көз жүгіртуге, ой тоқтатуға біз де мұрсат алдық. Әрине, ел ағаларының арқасында. Бұдан кейінгі кезеңдегі Мырзатай Жолдасбековтің еңбек жолы – үкімет мүшесі, елші, бірнеше ЖОО ректоры, Президенттік мәдениет орталығының директоры, ұстаз ретіндегі қызметтері – қалың жұртшылыққа жақсы таныс. Сондықтан да мен ертеректе, ұстараның жүзіндей қаупі мол, зор кезде, қазаққа өз еркі тимеген тұста Мырзекең атқарған, ел біліңкірей бермейтін тірліктерді, кейбір нақты істерді ғана тізіп шықтым. Бүгінгі біздің қол жеткен жетістіктеріміз бен берекелі тіршілігіміз де азулы арыстарымыздың осы тектес көзге көрінбейтін сансыз ерліктерінің арқасы екендігінде сөз жоқ. Әлбетте, өсер елдің ерлері ғана осылай әрекет етсе керек-ті.
Ерден ҚАЖЫБЕК, Білім және ғылым министрлігі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор