ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің басталуына санаулы ғана күндер қалды. Астанамыз алдағы үш айдың ішінде өз тарихында тұңғыш рет миллиондаған қонақтарға туризм қаласы ретінде қызмет көрсетпек. Бұл – тек елорда үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін үлкен сын. Көрмені өткізу, онда жасыл экономика бағытындағы жаңа технологияларды жинақтау және таныстыру шаралары өз алдына, сол көрмені көру үшін келетін қонақтарды қабылдау, оларды тамақтандыру жұмыстарының да оңайға соқпайтыны анық. Мұндайда «қонақ аз отырып, көп сынайды» дейтін атам қазақтың дана сөзін тағы бір еске сала кетсек, артық болмас. Астана қалалық әкімдігі таратқан деректерге қарағанда, ЭКСПО халықаралық көрмесін тамашалауға 5 миллионға жуық қонақ келеді деген болжам бар. Енді бір деректер бойынша 2,3 миллионнан астам адам келуі тиіс. Көрменің сайтында жуықта 1 миллион билет сатылғаны жөнінде хабар шықты. Бұл көрменің басталуынан бір ай бұрынғы жағдай. Демек, біздің ойымызша, көрмені тамашалауға келетін адамдар саны кем дегенде 2 миллионға жетіп жығылуы тиіс. Әйтпесе, 2015 жылы Миланда өткен көрмені тамашалауға 20 миллион адам келгендігін еске алсақ, ЭКСПО-2017 көрмесін тамашалаушылар саны біз болжап отырған шамадан еселеп артып түсуі де ғажап емес. Сонда 5 миллион адам қатысуы мүмкін деген болжамды да дәл қазір жоққа шығаруға болмас. Ал осыншама қонақтарды қабылдауға, оларды тамақтандыруға бар болғаны 1 миллион тұрғыны бар қаланың мүмкіндігі жете ме? Міне, осы мәселе жөнінде Астана қаласының әкімдігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі бірлесе отырып, ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу кезінде Астана қаласын азық-түлік өнімдерімен қамту жөнінде арнайы жоспар жасап, сол бойынша жұмыстар жүргізіп жатқандығын естіген болатынбыз. Бұл дәл қазіргі күні қолға алынып отырған іс емес, осыдан екі жылдай уақыт бұрын бастау алған мәселе. Өйткені, сол кезде аталған мәселеге байланысты өткізілген басқосуда Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі көрме кезінде Астанаға жеткізілетін тағам өнімдерінің әрбір түріне дейін анықталғандығын, еуропалық мәзір, жапон мәзірі, қытай мәзірі, шығыс халықтарының мәзірі, мұсылман мәзірі секілді барлық мәселелердің ескерілгендігін, ондай тағамдар мен олардың шикізаттарын қайдан жеткізуге болатындығы да тәптіштелгендігін, осы бойынша нақты жұмыстар жүргізілетіндігін айтқан болатын. Оның бер жағында Астана қаласын азық-түлікпен қамтудың алғашқы шаралар легі қазірдің өзінде нақты басталып кетті деп айтуға болады. Мәселен, Астана тұрғындары үшін 2017 жылдың 13 мамырынан 1 қазанына дейін қаладағы «Қазақстан» спорт кешені мен «Алай» көлік-логистика орталығы алаңдарында өңірлік ауылшаруашылық жәрмеңкелері өтетіндігі алдын ала хабарланды. ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесін өткізу кезеңінде азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету мақсатында өңірлік ауылшаруашылық жәрмеңкесін өткізу жоспарланған, деп жазды бұл жайында қала әкімдігінің ресми сайты. Осы жөніндегі алдын ала мәліметтер бойынша апта сайын дәстүрлі түрде өтіп отыратын бұл жәрмеңкелерде астаналықтар үшін ел өңірлерінен 30 мың тоннадан астам азық-түлік өнімдері ұсынылады. Олар негізінен алғанда жылқы еті, сиыр еті, құс еті, сүт өнімдері, жарма түрлері, қант, бал, балық және тағы басқа ең қажетті деген өнімдерден тұратын болады. Сондай-ақ, осы жәрмеңкелер кезінде келушілердің қызықтауы үшін концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады. Бұл шаралардың музыкалық сүйемелдеуін облыстардың шығармашылық ұжымдары қамтамасыз етеді. Жәрмеңке әр апта сайын екі күн қатарынан өткізілетін болады. Олардағы азық-түлік өнімдерінің бағасы қаладағы қалыптасқан нарық бағасынан 15-20 пайызға арзан болуы тиіс. Осы шара аясында 13-14 мамыр күндері өткен бірінші жәрмеңкені Атырау, Батыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстары ашты. Үш жәрмеңкеге осы аталған облыстардың барлық аудандарының 190 өңдеу кәсіпорны мен ауылшаруашылық құрылымдары қатысып, онда 300 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімдері саудаланды. Қазіргі күндері Астана қаласында барлық облыстардың қатысуымен осындай өңірлік жәрмеңкелердің тұрақты түрде ұйымдастырылуы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін лайықты өткізу ісіне едәуір көмек екендігін айтуға тиістіміз. Өйткені, алдын ала зерттеулерге қарағанда, Астана қаласының халқы 1 тәулікте 1,5 мың тонна тағам өнімдерін тұтынатын болса, ЭКСПО көрмесі кезінде бұл айтарлықтай өсе түсуі мүмкін. Міне, сол кезде қаланы азық-түлікпен қамту ісін жәрмеңкелер арқылы қолдаудың маңызы арта түспек. Сонымен қатар, бұл шара – баға көтерілуінің алдын алу болып та табылады. Қалада орналасқан «Sapa logistics», «Астық логистик», «Continental Logistics» және «Мир Круп» секілді ірі кәсіпорындарда азық-түлік сақтау орындарының көлемі 42 мың шаршы метрге дейін жетеді екен. Мұның сыртында, басқа да кәсіпорындардағы көкөніс сақтау қоймаларында 42 500 тоннаға дейін өнім сақтауға болатындығы мәлімделді. «Қазір сауда-логистикалық операциялардың бірыңғай жұмыс регламентін пысықтау көзделуде. Ірі және орта сауда желілеріне ӘКК және өңірлерді қаржыландыру бағдарламасы бойынша күріш, қант, қарақұмық секілді тауарларды сатып алуға несие беру қолға алынды. Сондай-ақ, ЭКСПО көрмесін өткізу кезінде еліміздің оңтүстік өңірлерінен, сонымен қатар, Өзбекстан мен Қырғызстан секілді көрші елдерден азық-түлік тауарларын жүйелі түрде жеткізу жөнінде сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Ауылшаруашылық жәрмеңкесі үшін мамандандырылған сауда алаңдары құрылады. Жәрмеңкелік іс-шараларды ұйымдастыруға өтінім бірыңғай электронды портал арқылы жүргізіледі», дейді Астана қалалық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ардақ Досанов. ЭКСПО көрмесін тамашалауға келетін қонақтарды қабылдау мәселесінде қаладағы қоғамдық тамақтандыру орындарының маңызы еселеп артатындығы түсінікті. Бұл жөніндегі деректерге келетін болсақ, қазір қалада 273 мейрамхана, 460 кафе және 27 асхана бар екен. Мұның сыртында, қаладағы сауда және ойын-сауық орталықтарында 86 қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс істеп тұрғандығын айтуға болады. Бұл – Астана қаласы бір мезетте 116 мың адамға қызмет көрсете алады деген сөз. Жиыны 20 миллион адам қабылдаған Миландағы ЭКСПО-2015 көрмесінде оған күндік келушілердің саны нақты осы 116 мың адамды құрағандығын еске алсақ, Астананың қонақ қабылдау көрсеткіші жаман емес. Дегенмен, Астана қаласындағы мейрамхана, кафелердің, асханалардың ЭКСПО-2017 көрмесіне қаншалықты алыс-жақын орналасқандығын да ескергеніміз, осы жөніндегі мәселелерге де сақ болғандығымыз жөн секілді. Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев көрмені өткізуге арналған әзірлік жұмыстарын пысықтаған арнайы отырыста ЭКСПО-2017 кезінде Астана қаласын азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелері шешімін табатындығын қадап тұрып айтты. Әкімнің сөзіне қарағанда, көрме өтетін үш ай ішінде азық-түлік өнімдерін тұтыну көлемі 20-30 пайызға дейін өсуі мүмкін. Бұл ретте қаладағы өнімдер сақтайтын қоймалар мүмкіндігі жеткілікті екендігін еске сала кетсек артық болмас. Сонымен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу кезінде Астана қаласының азық-түлік қауіпсіздігінің маңызы барынша арта түсетіндігі түсінікті. Тиісті атқарушы билік органдары осыған сай алдын ала қам жасады. Егер, 5 миллион халқы бар Милан қаласы 20 миллион қонақты күтіп алуға жарағанда 1 миллион халқы бар Астана қаласының мүмкіндігі 5 миллионға дейін адам қабылдауға еркін жетеді деп есептейміз.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»