• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Мамыр, 2017

Құрметке лайықты азамат

464 рет
көрсетілді

Айдархан аға менің әкемнің замандасы, жолдасы әрі жас күннен сыйласып өскен жан еді. Әкей ол кісі жайында талай рет қызықты әңгімелер айтушы еді. Өзі жас кезінен қайсар да алғыр болыпты. Айтқанынан қайтпайтын еді дейді.

Баяғыда-а... бала күнінде Қаратау етегінде екеуі бірге қой бағыпты. – Бізге жиен, үлкен апайымыз Үрби­біден туған бала ғой, сосын да жаз бойы ауылға келіп, екеуміз тау бөктеріндегі бұлақ басында уақыт өткізетінбіз, – дейтін әкем Әлмаш Жұматұлы. – Бізге тапсырылғаны – қоралы қойға қарау, бас-көз болу! Кезекпен барып, иіріп әкеліп, бұлақ басына жусатамыз. Еңбекке бала кезімізден жақын болдық. Өткен ғасырдың 60-жылдарының орта тұсында мектепті ойдағыдай аяқтап, Алматыдағы ауылшаруашылық институтына оқуға түспек болып талаптандым. Мен ең үлкен ұлы болған соң ба, әкей үлкен қалаға жалғыз жібергісі келмеген. Соның сылтауымен әкей Алматыға сапарға шығып, сол уақытта осы инс­ти­туттың бір факультетінде де­кан болып қызмет атқаратын Ай­дархан Ержановқа кірмей ме! Айдарханның кабинетінде тағы бір ұлты орыс ғалым отырады, екеуі әңгімелесу үстінде екен. Айдекең әкемді көре сала орнынан ұшып тұрып, қуана адымдайды. Келе са­ла құшақтай алған. Сағынышты көңілі сөзінен де, өзінен де байқалып тұрған. – Менің бала кезгі досым, – деп Ай­дархан біздің әкейді құшақтап тұрып, әлгі орыс ұлтының азаматына асығыс таныстырады. – Екеуміз жастау күнімізде бірге қой баққанбыз.  * * * Ашығын айтқанда, біз секілді ауылда өскен қарадомалақ балаларға Айдекеңнің өлшеусіз көп көмегі тигені айдай ақиқат. Жоғары оқу орнына түскен соң да ол кісінің ақыл-кеңесін тыңдап  ержеттік. Кейіннен есімдері бүкіл қазақ жұртына танымал болған, ғылым саласында ерекше көз­ге түсіп, әртүрлі жауапты қыз­меттер атқарған оқы­мысты ға­лымдар Қалыбек Қоныс­бай, Архимед Жанғазиев, Әбді­камал Омаровтармен бірге қоян-қолтық еңбек етті. Ал шәкірттері арасында ағайынды профессорлар Бірлес пен Есенжол Алияровтар, белгілі ғалым­дар Тілектес Есполов, Полатбек Жүнісбеков, Шаншар Нұртаев, қоғам қайраткерлері Қанжарбек Әжібеков, Алмас Нәлібаев, т.б. секілді айтулы азаматтар А.Ержановтан үлгі алған ізбасар інілері болды, болып қала бермекші. Өзім оқу бітірген соң Алматы қала­сында қалып, ғылымға құлаш ұрсам, ол да Айдархан ағаның ақылы еді, жол сілтеуі еді. – Сенің ғылымға бейімің бар екен, осы саланы айналдыр, – деп арқамнан қаққанын ұмытармын ба. Үлкен жүректі ағаның ақ тілеуімен ғылымға да араластық, азды-көпті жетістіктерге де қол жеткіздік. Ғылыми атақ та алдық. Қай кезде де үйіне шақырып, дастарқан басында ақыл-кеңесін айтып отыратын. Жеңгеміз Зылиха Төлегенқызы екеуі өте жарасты отбасы болды. Үлгі алуға тұрарлық, аса мәдениетті жандар болатын-ды. Ол кісінің туған жері Қызылорда облысындағы Жаңақорған топырағы. 1921 жылы дүние есігін ашқан зерек бала 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда өз еркімен майданға сұраныпты. Сөйтіп, 1942 жылы жараланып, содан соң Польшада партизан отрядында болады. Ол – өз алдына бір тарих. Өзі соғыстан соң Алматыға келіп, Ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, оны 50-жылдары аяқтаған. Айдархан аға қалған ғұмырын осы оқу орнымен байланыстырған. Сөйтіп, ғылым кандидаты, доцент атағын алып, өз ортасында зор абыройға бөленді. Ал 1964-1974 жылдар аралығында аталмыш институттың ауыл шаруашылығын механикаландыру факультетінің деканы болды, көптеген білім қуған жастарға әкесіндей қамқорлық танытып, қолұшын берді. Оны туған топырағы көзі тірісінде аса қатты қадірледі. Қашан келсе де төбеге көтеріп, төрден орын беретін. Елден шыққан талабы зор ұл-қыздарды ылғи да қолдап, шамасы жеткенше қолғабыс тигізгенін көзіміз көрді. Жеңгеміз Зылиха Төлегенқызы екеуі ұл-қыз өсіріп, немерелер сүйді. Айтпақшы, Зылиха апай да ұлағатты ұстаз. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент. Ол кісі де осы Ауыл шаруашылығы институтында ұзақ жыл еңбек етіп, зейнетке шықты. Отбасының ұйытқысы, ағайынның ауызбіршілігін ой­лаған абзал ана еді. Қазір ол кісі де өмірде жоқ, бірақ өнегелі ісі қалды артында. * * * Міне, өмірден озғанына отыз жылдан астам уақыт өтсе де абзал аға, үлгілі ұстаз, білікті ғалым Айдархан Ержанов есімі ел есінен бір сәт те шығар емес. Таяуда өзі туып-өскен Сыр еліндегі Жаңақорған кентінде оның атына көше беріліп жатқанын естідік. Бұл – асыл азаматқа жасалған лайықты құрмет.

Даутбек ЖҰМАТОВ, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент АЛМАТЫ