Рәсімде жас сарбаздар қысқа мерзімде алған машық-дағдыларын, соның ішінде қарумен және қарусыз игерген саптық амалдарды көрсетіп, салтанатты маршпен жүріп өтті. Жиналған қауым ҚР МҚҚ Объектілерді қорғау қызметінің әскери қызметшілерінің шеберліктерін, кәсіпқойлығын және үйлесімдіктерін паш ететін арнайы қойылымдарды тамашалады.
Сондай-ақ, Президенттік үрмелі аспаптар оркестрі мен құрмет қарауыл ротасы плац-концерттің (дефиле) жаңа бағдарламасын көрермен назарына ұсынды. «Темірдей тәртіп пен төзімділікке үйрену ер азамат үшін баға жетпес қасиет. Бәріміз Отан ананың тыныштығын кірпік қақпай күзетуге тиіспіз. Сіздердің қызметтеріңіз әрбір қазақстандық отбасының тыныштығы мен ертеңгі күнге деген сенімділігінің кепілі. Алдағы бір жылда жан аямай қызмет етіп, ұлттық намысымыздың туын биіктен желбіретіңіздер» деді, сарбаздарды құттықтау сөзінде Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы генерал-лейтенант Амантай Күреңбеков.
Салтанатты шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, қоғам қайраткерлері, ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің ардагерлері, сарбаздардың ата-аналары мен туыстары қатысты.
Ант қабылдау рәсімінен кейін сарбаздар ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің Алматы мен Астана қалаларындағы әскери бөлімдеріне қызмет етуге таратылды. Онда олар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының, басқа да күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша айрықша міндеттерді атқаратын дәстүрлі рәсімдерді орындауға, сонымен қатар, Мемлекеттік Ту мен Елтаңба эталондарын күзету, «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесін өткізуге, шетел мемлекеттерінің басшыларын күтіп алу рәсімдеріне қатысатын болады.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ