• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Мамыр, 2017

Таразда ел рәміздерінің 25 жылдығына орай конференция өтті

410 рет
көрсетілді

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығына арналған «Ел рәміздері – елдігіміздің берік негізі» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференция жұмысын университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы Махметғали Сарыбеков жүргізіп отырды. Сондай-ақ, іс-шараға Қазақстан Республикасының мемлекеттік Елтаңбасының  авторы, құрметті сәулетші Жандарбек Мәлібеков, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның мүшесі Төлеубек Мұқашев, облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов және мемлекеттік органдардың, сондай-ақ жоғары оқу орындардың басшылары, қоғам қайраткерлері мен қоғамдық пікір көшбасшылары, студенттер, үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

  Әуелі Мемлекеттік рәміздер туралы арнайы дайындалған деректі фильм жұртшылық назарына ұсынылды. Бұдан кейін облыс  әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов жиналған қауымды ел рәміздерінің ширек ғасырлық мерейтойымен құттықтады.

  «Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің біртұтастығын бейнелейді. Оның ажырамас атрибуттарының бірі. Мемлекеттік Ту, Елтаңба,  Әнұран ел Тәуелсіздігін ғасырлар бойы аңсаған халқымыздың орындалған арманының белгісі. Тұғыры биік тәуелсіздіктің тірегі. Азат елдің айшықты символы.

Дана бабаларымыз артында «Туы биік елдің – тұғыры да биік» деген аталы сөз қалдырған. Халқымыз әрқашанда Туын қастерлеп, биікке көтерген. Туды ұстаудың жауапты жүгі жігіттің – жігітіне, батырдың – батырына тапсырылған. Қиын кезеңде қол бастаған батырларымыз қасиетті Туын құлатпай, жауына бермей, жанынан да жоғары қойған. Бұл – бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге», деді.

  Өз кезегінде конференцияның құрметті қонақтары Жандарбек Мәлібекұлы мен Төлеубек Төлеуұлы сөз алып, мемлекеттік рәміздердің қалыптасуы төңірегінде әңгіме қозғады. Мемлекеттік рәміздер қашанда елдіктің белгісі екенін айтып өтті.

  Сондай-ақ, конференция барысында айтулы күнге орай ұйымдастырылған «Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтаныш» атты облыстық жазба ақындар байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды. Ақындар сайысының бас жүлдесін М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дің студенті Жанна Бахатай жеңіп алса, бірінші орынды А.Байтұрсынұлы атындағы гимназияның мұғалімі Әсел Шәріпбекқызы иеленді. Екінші орынды М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дің студенті Бекайдар Аманбаев еншілесе, үшінші орын Тараз темір жол көлік колледжінің студенті Елдос Бөгдіковке бұйырды. Жас ақындар жүлде алған өлеңдерін көпшілік алдында оқып, қошеметке бөленді.

  Конференция соңы облыстың белсенді жастарының Мемлекеттік рәміздердің 25 жылдығына арнайы дайындаған флешмобымен жалғасты.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы