«Жаужүрек» деп аталатын тағам ірі қара малдың жүрегінен дайындалады. «Ертеде жауға аттанып бара жатқан ер азаматтарға аналарымыз осы асты әзірлеп берген, - дейді Гүлжан Шәкімова. – Құнарлы, тойымды тағам, әрі ұзақ сақталады. Адамға күш-қайрат береді. «Жаужүректі» жасау үшін сиырдың немесе жылқының жүрегіне түрлі дәмдеуіштер қосылады».
Индер ауданындағы балалар шығармашылығы орталығында еңбек ететін Гүлжан Шәкімова қазақтың ұлттық тағамдарының сан түрін дәмді дайындайды. «Өкініштісі, ұлттық ас-ауқатымыздың кейбір түрлері ұмытылып барады. Таза, табиғи өнімдерден дайындалатын ұлттық тағамдар ағзада жақсы қорытылады, денсаулыққа пайдасы зор», - дейді ол. Аспаз өзі дайындаған «Жаужүрек» «ЭКСПО-2017» көрмесіне келушілердің көңілдерінен шығатынына сенімді.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ