ОСК төрағасының атап өткеніндей, 2017 жылғы 28 сәуірден 28 мамырға дейінгі кезеңде республика бойынша Парламент Сенатының депутаттығына барлығы 89 кандидат ұсынылды. Бұған дейінгі – 2014 жылғы Сенатқа кезекті сайлауда 88 кандидат, ал 2011 жылы 96 кандидат ұсынылған болатын. «Осылайша, Парламенттің жоғарғы палатасының депутаттарын сайлау жөніндегі соңғы үш сайлау науқанында ұсыну қорытындылары бойынша бір сенатор мандатына орташа алғанда 5 үміткерден келеді, – деді Б.Имашев. – Осы жылы кандидаттардың көбі Астана қаласынан ұсынылды, ол 9 адамды, ең азы Шығыс Қазақстан облысында – 4 адамды құрады». Сенатқа қазіргі сайлау барысында өзін өзі ұсыну құқығын пайдаланған кандидаттар санының өсуі байқалады – 82 кандидат болып отыр. Сондай-ақ, өткен сайлау науқандарымен салыстырғанда ұсынуда әйелдердің белсенділігі 2,6 есе өскен. Ұсынылған кандидаттардың ішінде 13 әйел, оның ішінде Астана және Алматы қалаларынан 7 әйел бар. Кандидаттардың орташа жасы 51,9 жасты құрайды. Ең жас кандидат 30 жаста, үміткерлердің ішіндегі ең үлкені 68 жаста. «Мамандықтары бойынша 26-сы инженер, 21-і экономист, 10-ы оқытушы, тағы 10-ы заңгер, 9-ы аграрлық саланың өкілдері, 5-уі дәрігер, 2-уі саясаттанушы және 6-уы басқа мамандық иелері, – деді ОСК басшысы. – Өз кандидатураларын қызметтегі 4 сенатор ұсынды. Ұсынылғандардың ішінде 5-уі мәслихаттар депутаттары, 35-і коммерциялық құрылымдардың қызметкерлері, 13-і мемлекеттік ұйымдар, кәсіпорындар мен мекемелердің қызметкерлері, 23-і мемлекеттік қызметшілер және 7-уі қоғамдық ұйымдардың өкілдері. Қазіргі уақытта Сенат депутаттығына кандидаттарды тіркеу рәсімі жалғасуда, ол осы жылдың 7 маусымына дейін жалғасады». Сайлау туралы заңнамаға сәйкес сайлау комиссиялары мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, ұсынылған құжаттардың дұрыстығын тексеру бойынша жұмыс жүргізуде. 28 мамырдағы жағдай бойынша облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссиялары Сенат депутаттығына 62 кандидатты тіркеді. Қазіргі уақытта Орталық сайлау комиссиясына кандидаттардан екі шағым келіп түсті және оларға сайлау заңнамасының ережелерін түсіндіре отырып, жауап берілді. Ал сайлау науқаны сайлау заңнамасының талаптарына сәйкес өтуде және Орталық сайлау комиссиясының тұрақты бақылауында.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»