• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Мамыр, 2017

Адалдық

169 рет
көрсетілді

...Қаскүнем бір зұлмат ойға табан тіреген еді. Мұнысы Ақтөбе қаласындағы Т.Рысқұлов көшесінде орналасқан «Есетжан» дүкеніне кешкі уақыт кезінде басып кіру еді. Өйткені, бұл оңашалау, қалтарыста және жүргіншілері аз тұста орналасқан дүкен болатын.

Несі бар, қолында ұңғы­сы­на тұншықтырғыш орна­лас­қан тапаншасы бар. Бет-перде киіп алып, ұрымтал бір сәтте сатушыға тап берсе, оның күні бойы тауар сату­дан жинаған ақшасы уысы­на түспей ме? Солай істеді де. Кеш­кі сағат 7 кезінде мұздай қа­руланған күйі адам жоқты­ғын пайдаланып, сату­шы Куракинаға тап берді. Алай­да, осы кезде ол жанұшыра айқайлап, көз ілеспес жыл­дам­дықпен қосымша үй-жайға тығылып үлгерді. Зә­бірге тап болушының ай­қайлауы мен шыңғыруы күш көрсетушіні абыржытпай және алаңдатпай қоймайды. Бұл тәсіл қарақшының пси­хи­касына әсер етудің бір жолы. Расында да қатты ай­қай мен ащы шыңғырудан сес­кенген қарақшы ақшаны алып үлгере алмай, дүкеннен сытылып қаша жөнелді. Кө­шеге жүгіріп шыққанда да са­тушының шыңғырғаны ес­тіліп жатты.  Дәл осы сәтте мемлекеттік банк мекемелерін күзету жө­ніндегі рота командирінің орынбасары, полиция лейтенанты Амангелді Қосжанов «Есетжан» дүкенінің маңында өзінің жеке автокөлігінің сыр берген тетігін жөндеп жат­қан еді. Сол күні ол түнгі кезекшіліктен шыққан болатын. Амангелді жағдайды тез түсінді. Жақын маңдағы алаңқайда балалар ойнап жүр екен. Оның  санасына әлгі қарақшының  балаларға да бір кесірін тигізуі мүмкін-ау деген ой сап ете қалды. Содан соң қарулы қылмыскерге ой­лан­бастан жалаң қолы­мен қарсы ұмтылды. Қарақ­шы­ның қасына көз ілеспес жыл­дамдықпен тез жетіп барып, оны қолымен бүріп алуға ұм­тылғаны сол еді, қарақшы алға аттай беріп өзіне қар­сы келген Қосжановты кеу­де­сінен атып жіберді. Ол көзі бұлдырап, кеудесіне қадалған оқтың салдарынан есінен айырылып құлап бара жатты.  Дегенмен, осы кезде сатушы шалған қоңырау бо­йынша келіп жеткен полиция қызметкерлері оны ұстап үлгерді. Ауыр жарақат алған Амангелді Қосжанов сол бой­да шұғыл ауруханаға жет­кі­зіл­ді. Алайда,  асыл аза­мат осы ауыр жарақаттың сал­дары­нан есін жимаған кү­йінде қайтыс болды. Ал Ақ­төбе об­лыстық сотының үкі­мімен айып­кер 10 жылға бас бос­тан­дығынан айырылды.  Сөйтіп, А.Қосжанов ішкі істер органдарында 14 жыл қалт­қысыз қызмет жасаған кезінде  өз ісіне ешқандай дақ түсірмей өмірден  өтті. Пай­даны емес, арды ойлады. Өзі­нің қызметтік міндеті мен борышына өмірінің соңғы сәтіне дейін адалдық пен табандылық танытты.  Қарулы қылмыскерді қолға түсіру кезінде қаза тап­қан полиция лейтенанты, батырлар елі атанған Қоб­да топырағының мақтан тұтар ұлдарының бірі  Аман­гелді Қосжанов республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1999 жылғы 27 тамыздағы Жарлығы бойынша «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.  −Амангелді Қазақстан по­лициясы сапында қызмет атқарып жүргенін үлкен мерей санайтын. Қай кезде де үйден жұмысқа сергек се­зіммен шығатын. Өз қыз­метіне үлкен жауап­кер­шілікпен қарай білді. Офицер қатарына кірген күні: «Біз арқалайтын жүк көбейе түсті, мен бұл сенімді ақтауға тиіспін, Алмагүл» деп үйге жадырай, жарқырай кіргені әлі күнге дейін көз алдымда. Мен жұбайым Амангелді Қиниятұлын еліміздің дербес ішкі істер органдары қызметінің қалыптасуы мен нығаюы жолында мерт болды деп санаймын. Ол елге өз пайдасын тигізуді ешуақытта назарынан тыс қалдырған емес, – деді газет тілшісіне ер-азаматтың құдай қосқан қосағы Алмагүл Қосжанова. Сондай-ақ, оның ай­туынша, Амангелді ұл-қызын өте жақсы көріпті. Қызметтен қолы қалт еткен шақтарда оларға әкелік тәлімі мен тәрбиесін дарытуға ұмтылған екен. А.Қосжанов қаза болған кезде қызы Әсел 12 жаста, ұлы Азамат 8 жас­та болыпты. Мүмкін әкенің тигізген ықпалы шығар, әлде мүмкін өзінің қалауы солай болған шығар, әйтеуір Әсел Амангелдіқызы кейін ішкі істер органдарына қызметке қабылданған. Қазір ол жеке полиция батальонының поли­цейі лауазымында қыз­мет атқарып жүр. Ал тәуел­сіз­дікпен құрдас, 1991 жылы дүниеге келген ұлы Азамат та бүгінде арнаулы оқу орнын аяқтап, егемен елінің «бір кірпіші» болып қаланды.  Қарулы қарақшымен қақ­ты­ғыста қапыда кеткен есіл ер Қобда ауданындағы Қиыл ауылында туып-өскен. Қа­зір осы ауылдағы орта мек­теп Амангелді Қосжа­нов­­тың атында. Бұған қоса, мектеп ғимараты қабыр­ғасына ескерткіш-тақта ор­натылған. Сонымен бірге, Ақтө­бе қаласындағы көшелер­дің біріне де қалалық мәсли­хат­тың шешімі және қала әкі­мінің өкімі бойынша оның есімі берілген.  «Жақсының аты өлмейді» деген осы да. 

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы