Әлемдегі басты энергия көздерінің бірі болып есептелетін күн энергиясы 2050 жылға дейін дүние жүзінің жартысын электр қуатымен қамтамасыз ететін электр қуатының негізгі қайнарына айналуы тиіс. Осы орайда, шымкенттік ғалымдар коммуналдық қызмет бағаларын төмендету мақсатында ғылыми жобалар әзірлеуде. Ал шалғайдағы елді мекенде орналасқан шаруа қожалықтарын электр энергиясы және ауыз сумен, жылумен қамтамасыз ету мақсатындағы жобаларына шетелдіктер қызығушылық танытып отыр. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Германияның Юлих қаласындағы Күн энергетикасы институты арасында тығыз қарым-қатынас орнатылып, энергетика саласында инновациялық жаңа технологияларды дамыту бағытында бірқатар ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Германиялық ғалымдар әсіресе шымкенттік әріптестерінің күн энергиясы арқылы жұмыс істейтін жылжымалы қондырғы жобасын бірлесе өндіріске енгізуге мүдделі. Неміс ғалымдарын қызықтырып отырған қандай жоба? «Кең-байтақ елімізде игерілмеген жер көп. Инфрақұрылыммен қамтамасыз ету тиімсіз болып саналатын шалғай орналасқан шағын ауылдар да аз емес. Ен даладағы кен барлаушыларға да, шопандарға да жарық пен сапалы ауыз су қажет. Міне, біз ұсынып отырған мобильді жылжымалы қондырғы осы мәселелердің шешімін табуына ықпал етеді. Бұл қондырғы төтенше жағдай кезінде де, әскерилердің оқу-жаттығуы үшін де керек техника. Жобаның негізгі бағыты күн энергиясын пайдаланып, электр қуатын өндіру. Жоба бойынша қондырғы 5 киловатт электр қуатын өндіріп, тәулігіне 200-250 литр су береді. Яғни, бір отбасын жарықпен және сумен қамтамасыз етеді. Жылу да береді. Біздің оңтүстікте жылдың басым бөлігінде ауа райы ыстық және ашық болып келеді. Күн энергиясын шамамен 300 күн пайдалануға, электр қуатына айналдыруға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, қондырғы ауадағы ылғалдан су алып жинайды. Жылжымалы қондырғының жыл он екі ай тоқтаусыз жұмыс істеп тұруы да жан-жақты есептеліп, қаралған. Өндірілетін қуат пен су мөлшерін ұлғайтуға да болады», дейді жоба авторларының бірі М.Әуезов атындағы ОҚМУ оқытушысы, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент Серік Досыбеков. Ғалымдардың ғылыми еңбегінің өндіріске енгізілуін облыс әкімдігі де қош көріп отыр. Жуырда облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың ұйытқы болуымен осы салаға жауапты мамандар германиялық профессорлармен кездесті. Бонн университетінің профессоры Штефан Курцман, Күн энергетикасы институтының директоры Ульф Герман, Күн энергетикасы институтының жаңғырмалы энергия көздері департаментінің басшысы Криштиану Боуран мен М.Әуезов атындағы ОҚМУ профессорлары қатысқан кездесуде жобаны жүзеге асыру жайы талқыланды. Профессор Ш.Курцманның айтуынша, бірлескен жобаның негізгі мақсаты арнайы жылжымалы қондырғылар орнату арқылы Қазақстанның шалғайда тұратын фермерлері мен мал шаруашылығымен айналысатын шағын бизнес өкілдерін электр энергиясы және ауыз сумен қамтамасыз ету. Жоба нақты зерттеліп, қондырғылар орнатылған жағдайда, қосымша жұмыс орындары ашылады. Сондай-ақ, кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Жақып Бөкенбаев жобаның қажеттілігінің өте жоғары екенін атап өтіп, облыс тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетіндігін жеткізді. «Біздің облыста электр қуатына мұқтаж, алайда электр желісін тарту қымбатқа түсетін ауылдар бар. Облыс әкімдігі қондырғы осындай жерлерге керек деп отыр. Зерттеулерді германиялық әріптестерімізбен бірге жасаймыз. Дегенмен, олар өндіріске енгізетін компанияның қазақстандық болғанын қалап отыр. Жергілікті компания қызығушылық танытса, бірге қаржы салып, Шымкентте өндірісті ұйымдастыруға мүдделі. Екі ел университетіне ортақ инновациялық жобаның зерттеу жұмыстарының басым бөлігі Германияның Білім министрлігі жағынан қаржыландырылады. Біз де қарап отырған жоқпыз, бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіре түсу мақсатында жұмыс істеудеміз. Әріптестерімізді Германияға шілде айына шақырып отыр. Барып келген соң жұмыс ілгерілейді деген сенімдеміз. Әрине, мемлекеттік қолдау қажет», дейді жоба авторларының бірі М.Әуезов атындағы ОҚМУ оқытушысы, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Серік Исмаилов. Сондай-ақ, ғалымдардың мәлімдеуінше, қондырғы бағасы қымбат емес, қолжетімді болмақ.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Егемен Қазақстан»