Соның ішінде өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы аласапыран, ұжымдастыру деп ұлттың болмысына жат істі бастап, сеңдей соғыстырып, соңында алапат аштыққа ұрындырған 30-шы жылдардың ойраны, одан кейінгі сұрапыл соғыс жұртымыздың түп тамырын отап тастамаса да, орны оңайда толмастай етіп ойсыратып кетті. Сол сұмдықты хат арқылы Сталинге Тұрар Рысқұлов жеткізгені тарихтан мәлім. «Ұжымдастыру жылдарындағы халық шығыны 1930 жылғы аштықтан 313 мың адам, 1931 жылғы аштықтан 755 мың адам, 1932 жылы 769 мың адам өлді. Жиынтығы 1 млн 750 мың адам. Ауыл халқының 40 пайызы жоғалды. 1 миллионнан астам адам шетелге көшіп кетті. Оның 616 мың адамы қайтқан жоқ. 1929 жылы Қазақстандағы 40,5 млн малдан 1933 жылы тек 4,5 млн қалды», депті хатта. Осындай зұлматтан ұлттық демографиямыз әлі күнге дейін зардап шегумен келеді. Бұл туралы Елбасы Н.Назарбаев: «Егер де сол ашаршылық болмаған кезде ендігі қазақтың саны қанша болар еді, өздеріңіз есептей беріңіздер», дегені есте. Сол қасіретті жылдарды яғни аштықты көрген ғасырға таяу өмір кешіп келе жатқан қос бәйтеректей 95 жастағы Үкіжан Сәдуақасқызы және 91 жастағы Кәкен Балабекқызымен дидарласу Астанадағы «Сәдуақас қажы Ғылмани» атындағы мешіт жанындағы мұражайда болды. Алдымен, мұражай басшысы Б.Солтанбай еліміздегі дін жөніндегі тұңғыш мұражай туралы айтып, ондағы әралуан құжаттармен, жәдігерлермен таныстырды. Бұдан кейін Үкіжан Сәдуақасқызы сұрапыл жылдардың сұмдығын еске түсіріп, есесі кеткен ұлтымыздың бүгінгі тірлігіне шүкіршілік білдірді. «Біз аштықтың әлегінен жан сауғалап Ерейментаудан Ақмолаға 9 адам жеткен едік. Соның бесеуі бұрлығып жолда көз жұмды. Анам оларды орыс зиратының маңына жерлегендерін айтатын. Азын-аулақ азық-түлігімізді кейде милициялар тартып алып, талай көз жасымызды көл етіп еді. Аштықтан анам ісіп-кеуіп жатса да, әкем бізді Омбыға сүйрелеп, жеткізді. Ондағысы жанымыз қала ма дегендік еді. Амал не, анамнан бес жасымда айырылдым. Сөйтіп, шын жетімге айналдым. Бірақ әкем арқалап жүріп өсірді. Осы арада тағы бір оқиға ойға оралады. Аққасқат деген көлдің жағасында 13 азамат балық аулап отырып, ауларына түк түспей сол жерде мерт болып, дидарлары жабылмай қалған екен», – деді. Кейуана сол қасіретті жылдары дін жолындағы әкесі қызының келешегін ойлап, тегін Үкіжан Әбдікәрімқызы Мүсілімова деп жаздырғанын, оны 1999 жылы түзетіп, әкесінің атына көшкенін айтып, ендігі жерде ұрпақ ондай азапты жылдарды көрмесін деп, ұзынды күні терген масағынан бір таба нан шығатынын, оны 14 адамның қылдай бөліп жейтінін алға тартты. Өзінің 10 баланы өмірге әкелгенін, жағаласып жарымен қатар жүрмегенін, бала тәрбиесіне мән бергенін тілге тиек етіп, бүгінгілердің баланы өзі тапқанмен, өзгеге бақтыратынына өкініш білдіріп, соның кесірінен жастар тәрбиесінде олқылықтың көрініс тауып отырғанын, ұрпақ тәрбиесінде ананың рөлі бөлек екенін жеткізді. Отбасын ойрандап, ажырасып жатқандар туралы ой қозғағанда: «Әйел − ерін жек көрсін, бірақ баласын аясын, ер − әйелін қаламасын, бірақ баласының көз жасынан қорықсын, − деген шүйкедей әжеміз, − Тәңірім, енді аштықты көрсетпесін. Адамға тәубе керек. Кейде біз сол тәубемізден жаңылып қаламыз. Масақ теріп көрмегендер, бір тілім нанға зар болмағандар нанның қасиетін білмейтін болып барады. Көрінген жерде нан жатады. Наннан қасиетті ешнәрсе жоқ. Нанға шығып Құранды алмаған, Құранға шығып нанды алған деген бұрынғыдан қалған сөз бар. Ендеше, нанды қадірлейік, нанның киесінен қорқайық». Ал, Кәкен Балабекқызы Сәметова 1928-1930 жылдары туған екі бауырының бірдей аштықтан өлгенін, әкесі соғысқа кетіп, екі қыз ғана қалғанын, содан өсіп отырғанын алға тартты. «Біраз ағайындарымыздың сол аштықтан қазір аты өшті. Есімде қалған бір нәрсе, аз ғана тарыны қол диірменге тартып, анам бізге нан пісіріп бермек болды. Тарының ұны илеуге келмейді екен. Басы бірікпесе де көмбеге салып, үстіне от жақты. Біз қашан пісер екен деп, отты төңіректей отырдық. Анамыз қоңырқай тары нанын ұсынғанда үгітіле берді. Сонда да қоқымын тауықтың шөжесіндей теріп жегеніміз күні бүгінге дейін көз алдымнан кетпейді. Тағы бір айтайын дегенім, осы Ақмоланың төңірегінде КАРЛАГ түрмесі болғанын жұрт біледі. Ондағы адамдар аштан өліп жатыр дегенді үлкендер естіп, бізге тас деп құртты ішке лақтыртатын. «Дәм ғой, сөлін сорса тірі қалар бейшаралар», деген сөз құлағымның түбінде әлі шыңылдап тұр. Кейбір естияр балалар: «Өздеріңіз неге лақтырмайсыздар, құлаштарыңыз кең емес пе?» − дейтін. Сонда әке-шешелеріміз, «Білсе аналар бізді қамап қояды, сендерді бала ғой, деп мән бере бермейді», − дейтін. Өздері қалтырап жүріп түрмедегілерге солай қамқорлық таныту қандай адамгершілік десеңші», деген тоқсан бірдегі қарт ана − ол күндерден кейінгі өз өміріне тоқталып, 25 жыл бойы темір жол бойында еңбек еткенін, тәуелсіздік алғаннан кейінгі тұста наурызды тойлауға ұйытқы болып, ұлттық киім үлгісін тіккенін, қазақ өнерін өзгелерге таныту үшін өзі секілді бес ананы біріктіріп, әжелер ансамблін құрғанын еске салып, бүгінгі ала-құла дін ахуалына қатысты өз ойын білдіріп, қай кезде де сабырлылық, қанағат керек екеніне дәйектер келтіріп, сол аштықты көрген жандардың санаулы қалғанын, барынан мағлұматтар жинап, деректі кино түсіріп алса, бүгінгі, келешек жастың қалыптан шықпауына, сабақ алуына септігі болатынын да ортаға салды. Дидарласу соңында өнерлі ұстаз Оспан Сүлейменұлы аналардан алған тағылым мен тәлімге көңілі толғанын айтып, «Ұлы сапар әсерлері» деген кітабын мұражай қорына берді.
Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»