Басқарма басшысы Игілік Әубәкіров: «Рұқсат алған шетелдік азаматтар жұмысқа орналасқан кезде құжат бойынша инженер-механик болып көрсетілгенмен, атқаратын лауазымы мен білімі туралы құжаты сәйкес келмейді. Ал әлгі мекеме түрлі сылтауларды алға тартып, жергілікті жұмысшыларды қызметке қабылдамайды. Тіпті, рұқсат алмастан емін-еркін еңбек етіп жүргендер бар. Тексеріс қорытындысында турист болып келіп, нәпақа тауып жүргендерге шара қолданылды. Былтыр 32 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Рұқсат беру комиссиясына кемшілік анықталған компанияларға бір жыл бойы шетелдік жұмыс күшін тартуға келісім бермеу жөнінде ұсыныс жолдадық», − дейді. Басқарма өткен жылы 503 тексеру жүргізіп, 775 заң бұзушылықты ашқан. Жұмыс кезінде жазатайым жағдайдан зардап шегушілер саны да азаяр емес. Биылғы төрт айда үш адам оқыс оқиға салдарынан өмірмен қоштасыпты. Игілік Айдарұлы жұмыс берушілердің қауіпсіздік талаптарын сақтамайтыны осындай өкінішті жайттарға әкелетінін айтады. Мысалы, жақында шетелдік жас жігіт құрылыста жүріп мерт болды. Тексере келгенде, оның жұмыс істеуге рұқсаты да, еңбек шарты да жоқтығы анықталды. Кейбір компаниялар үшін бұл тиімді: шетелдік азаматты жұмысқа тартқаны үшін еңбек шартын жасамайды, салық төлемейді, есесіне, жалақысы да аз. Жыл басынан бері облыста бес мекеменің шетелдік жұмыс күшін тартуда заң талаптарын сақтамай отырғаны белгілі болды. Әсіресе, рекрутингтік компанияларда заң бұзушылық көп байқалады екен.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ