• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Мамыр, 2017

«Бала дауысы» Ақтөбеде әуеледі

294 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры мен Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қоры бастамашы болған «Бала дауысы-2017» ұлттық балалар ән байқауының іріктеу кезеңдері шешуші де жауапты сәтке аяқ басып келеді.

Өткен жексенбі күні Ақтөбе қаласында өткізілген осындай ән сайысы «бұлақ көрсең, көзін аш» деген халық даналығына құлақ қоя білудің бір белгісіндей әсер қалдырды. Мұнда қауырсын қанат балдырғандар мен кішкентайлардың таңғы шықтай таза да тұнық балғын дауыстарын белгілі әнші Нұржан Керменбаев бағалады.  Өз атауынан көрініп тұрғанындай «Бала дауысы-2017» байқауына 7-13 жас аралығындағы балалардың ғана қатыса алатынын айтқан жөн. Мұнда алғашқы кезек­тегі басымдық таза вокалға әрі осы вокалға қойы­латын талап­тардың әліппесін байқауға қатысқан балдыр­ған­дардың қаншалықты түсініп, оны қаншалықты деңгейде игере алғанына байланысты берілмек.  Қалай дегенде де «Бала дауысы» байқауының бал­дыр­ғандарға берері көп екені анық.  Әрі бұған дейінгі уақытта елімізде мұндай ауқымды жобалар қолға алынбай келгені де шындық. Ұлан-байтақ еліміздің әр өңірі мен қиырынан келіп, болашағынан үлкен үміт күттіретін балаларды іріктеудің өзі үлкен гуманистік рөл атқарады. Осының бәрін ескере келгенде «бала дауысының» ғұмыры ұзақ бола­тынына ешкім талас туғыза алмаса керек. Байқаудың Ақтөбеде өткен іріктеу кезеңіне 125 бүлдір­шін қатысты. Қазылар алқасы олардың арасынан Ақтөбе қаласындағы №3 музыка мектебінің оқушысы Назгүл Бәйменованы жеңімпаз деп таныды деді газет тілшісіне байқаудың менеджері Толғанай Хасен. Оның вокалға бейімділігі 5 жасынан-ақ белгілі болған. Осы қабілетін дөп таныған ата-анасы қызының туабітті өнерін музыка мамандарына таныстырған. Іріктеу кезеңінің үздігі туралы оған қазылық жасап, баға берген белгілі әнші Нұржан Керменбаев өз ой-пікірін газет тілшісіне былайша жеткізді: – Ақтөбеде өткізілген іріктеу байқауы кезінде дұрыс та әділ таңдау жасау және финалға баратын бір ғана баланы анықтау шын мәнінде күрделі болды. Назгүлдің вокалдық мәнердегі дауысы ерекше әрі айырықша деуге болады. Сондай-ақ, дарынды қыздың хореографиясы да байқау талабынан шыға білді. Мен оның байқау нәтижесінде жеңіске жетуіне толық мүмкіндігі бар деп есептеймін.  – Біз бұл іріктеу кезеңіне жеңіске жетеміз деген үлкен сеніммен келіп едік. Ойлағанымыз орындалды. Мен бұған шексіз қуаныштымын. Байқауды ұйымдастырушыларға айтар алғысым шексіз. Ең бастысы, олар балалардың бойындағы талант пен вокалға бейімділігін анықтауға кәсіби біліктілік тұрғысынан келе білді. Сірә, дана халқымыз «бұлақ көрсең – көзін аш» деп осындайда айтса керек, – дейді Назгүлдің анасы Гүлзада Бәйменова. 

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ

Суретте: Ақтөбедегі іріктеу кезеңінен көрініс